«Қазақстан ғарыш сапары» компаниясының бұрынғы басшысы сот үкіміне қарсы шағым жазбақ

«Мырзақұлов сот үкімімен келіспейді. Тергеу мен сот процесі барысымен де келіспегенбіз. Сондықтан апелляциялық шағым әзірлейміз. Қалай болғанда да үкімге қарсы шағымданамыз», - деді адвокат Мұхамбетқали Шайхин сәрсенбі күні журналистерге.

Сәрсенбі күні Астананың қылмыстық істер жөнінде мамандандырылған аудан аралық соты Ғ.Мырзақұловқа 12 жыл жаза кескен болатын. Оның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Ғ.Мырзақұлов жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтеуі тиіс.

Ұлттық компанияның бұрынғы басшысы аса ірі көлемде пара алды және заңсыз жолмен табылған қаражатты заңдастырды деп танылды.

Сонымен қатар, тәркілеу кезінде оның пәтерінен табылған 2 млн 415 мың теңге, банктік есеп-шоттағы 7,3 млн теңге, жол сөмкесіне салынған 75 млн теңге (пара) толық тәркіленді. Мемлекет пайдасына тәркіленген мүліктің ішінде Ақмола облысының Талапкер ауылындағы жер телімі, Астанадағы коттедж бен қос пәтер де бар.


Іс материалдарына сүйенсек, Ғ.Мырзақұлов Астанада коттедж бен екі пәтер салу үшін құрылыс компаниясына туыстары арқылы 77,1 млн теңге аударған. Сондай-ақ, Алматы облысының Кербұлақ ауданында жалпы құны 90 мың доллар болатын 342 гектар жер телімін сатып алған көрінеді.