Қазақстан ғарышты игеру саласында Израильмен байланыс орната бастады

Зымыран техникасы саласындағы жетекші мамандар - академик Мейірбек Молдабеков пен профессор Марат Шымырбаев құрамына енген еліміз өкілдерін "Қазғарыш ҰК" АҚ басқармаларының төрағасы Серік Тұржанов басқарды.

Өкілдер зымыран техникасы мен ұшу аппараттарын жасау саласында дүниежүзіне танылған Израильдің "Рафаэль" және "Эльбит" компанияларында болып, жоғары технологиялық өнімдердің соңғы үлгілерімен танысты. Израильдің "Ай-Эй-Ай" деп аталатын жетекші мемлекеттік компаниясы еліміз өкілдеріне жер серіктерін өндіру саласы мен басқа да аэроғарыштық техника түрлерінің соңғы жетістіктерімен таныстырды.
Израильдің ғылым және технологиялар министрлігінің бас директоры Давид Лефлер мен Израиль ғарыштық агенттігінің директоры Цви Каплан Қазақстандық өкілдердің бұл сапары Қазақстан мен Израильдің аэроғарыш саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастығының және ғарышты бірлесе игеру ісінің мәре басы болатынын жеткізді.
"Израиль жағы ел экономикасы, ғылымы мен техникасын дамытудың осынау қазіргі заманғы маңызды бағытына ден қойған Қазақстан үкіметінің дер кезіндегі батыл қадамын ескеріп, мемлекеттік ғарыштық бағдарламасын қолдайды",- делінген ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.