"Біз Ресей және Франция президенттері форматын келісіп, кейін оған Грузия мен Оңтүстік Осетия қосылған шиеленісті реттеу жоспарына қол қойылуын қолдаймыз. Бұл аталған күрделі проблеманы шешуге саяси-құқықтық негіз қалайтын оңды факт екені сөзсіз. Шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге балама жоқ", -деді Е. Ашықбаев.
"Осыған сай біз реттеу жұмыстары БҰҰ жарғысымен, ЕҚЫҰ-ның Хельсинкидегі қорытынды актісімен, сондай-ақ, 1966 жылғы азаматтық және саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пактілермен айқындалған құқықтық кеңістікте жүргізілуге тиіс деп санаймыз", -деді СІМ өкілі.
Оның айтуынша, "Қазақстан бұл өңірде гуманитарлық апат болып жатқанын байқап отыр және сол себепті бүгінде зардап шеккен қарапайым азаматтарға қайырымдылық көмектің кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз ету - аса маңызды міндет болмақ".