Президенттің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Таниге елорданың көрікті орындарының біріне айналған осы мешітті салдырғаны үшін алғыс білдірді.
Өз кезегінде Катар мемлекетінің Әмірі мешіт ғимаратының ұнағанын атап өтті.
"Нұр Астана" Ислам мәдени орталығы Катар Әмірінің Қазақстанға ресми сапарының бағдарламасы барысында аралап көрген соңғы нысан болды.
Еске сала кетейік, "Нұр Астана" Ислам мәдени орталығының құрылысы Катар мемлекетінің қайтарымсыз қаржысына салынған.
Мешіт ғимаратының жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайды. Оның айналасында әрқайсысының биіктігі 62 метрді құрайтын төрт мұнара бар. Басты күмбездің биіктігі 43 метрді құрайды. Мешіт бір мезгілде бес мыңға жуық мінәжат етушіні қабылдай алады.