ҚХА атынан Төрағаның орынбасары - ҚХА Хатшылығының меңгерушiсi Ералы Тоғжанов, АӨСШК атынан атқарушы директор, елшi Чинар Алдемир мырза меморандумға қол қойды.
Е. Тоғжановтың айтуынша, келiсiм ҚР Президентi Н. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында берген тапсырмасын iске асыру мақсатында жасалды.
Бұл меморандум ынтымақтастық пен өзара пiкiр алмасуларды, қолдағы ақпаратпен және құжаттармен алмасуды, ҚХА және АӨСШК үшiн өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша кездесулер мен конференцияларға қатысуды көздейдi.
"Қойылатын меморандумның әрбiр бөлiмi, нақты iшiндегi мағынасы мен мәнi туралы барлық 24 мемлекет өзiнiң ұсыныстарын енгiзген болатын. Сол ұсыныстарды, бүкiл шешiмдердi тауып, бүгiн қол қоюға келiп отырмыз. Осы ұйымға мүше 24 мемлекет Азиядағы елдердiң 90 пайызын құрайды. Дүниежүзiндегi халықтардың 50 пайызын осы елдiң халықтары құрайды. Өзара қарым-қатынасты, достықты, сенiмдi нығайта бiлетiн болсақ, дамыта беретiн болсақ, Азия елдерiнiң ықпалдастығы күшейе түседi", - деп атап өттi ол.
Өз кезегiнде Чинар Алдемир мырза, АӨСШК мен ҚХА Қазақстан Президентi Н. Назарбаевтың бастамасымен құрылғандығын атап өттi.
"Меморандумға қол қоюымыздың маңызды тұстары жетерлiк. Сондай-ақ, екi ұйымның да бiр ортақ ұқсастықтары бар. Ол - көптүрлiлiк пен бiрлiк", - дедi Ч. Алдемир.