"Қазақстан халқына " қоры ел байлығын сорған олигархтардың қаражатын "ерікті-міндетті" түрде қайтарту үшін құрылды - Талғат Жақиянов

Құрылған қорға байланысты Талғат Жақиянов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

"ТОҚАЕВ ТІЗІМІ"

"Қазақстан халқына " қоры елдің байлығын сорған отандық және шетелдік олигархтардың қаражатын "ерікті-міндетті" түрде қайтарту үшін құрылды.

1) Бұл орайда, еріктіліктен гөрі міндеттеу басым болуы қажет.

Ендеше, ең алдымен, сол ОЛИГАРХТАРДЫҢ ТІЗІМІ ЖАСАЛҒАНЫ дұрыс сияқты. Ол тізімде "ұрыларды" жіктеп, топтастырып, соған сәйкес талаптарды нақты анықтаған жөн.

Ол тізімді әртүрлі атауға болады ("магнитский тізімі" деген сияқты) "ТОҚАЕВ ТІЗІМІ", "ҚАРА ТІЗІМ", т.б. шартты атаумен атап, ЗАҢ РЕТІНДЕ қабылдау қажет.

Бұл тізім уақытша болмауы керек. Жалғасын табуы қажет. Ел тарихындағы "қарабеттердің тарихы" болып қалса, ұрпақтарының да бетіне шіркеу болады. Көп адамдар тағдырының жолайрығында ойланатын болады.

2) Қаңтар шеруі, негізінен, қазақтың бейбіт шеруі болды. Ол жерге ҚАЗАҚ шықты. Шеру ҚАЗАҚТІЛДІ болды. Шеру ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ мүддесін таныстырды. ҚАЗАҚТЫҢ несібесін қайтаруды сұрады.

Сондай-ақ ол әртүрлі өңірлердің әртүрлі әлеуметтік топтарының мұң-мұқтажын көтерді.

Сондықтан "ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА " ҚОРЫНЫҢ ҚАМҚОРШЫЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ҚҰРАМЫ ҚАЗАҚИ, ҚАЗАҚТІЛДІ АЗАМАТТАРДАН ЖАСАҚТАЛУЫ КЕРЕК. Сондай-ақ оның қатары еліміздің әртүрлі өңірлерін таныстыратын СОҢҒЫ БЕЙБІТ ШЕРУЛЕРДІҢ ЛИДЕРЛЕРІНЕН және түрлі әлеуметтік топтардың қоғамдық ұйымдарының өкілдерінен жасақталуы керек.

Соңғы оқиғалар халықтың ішінен түрлі шынайы әрі тәуелсіз лидерлердің қалыптасқанын көрсетті. Олар билік қолдан жасаған (искусственный) емес, шынайы тұлғалар. Мәселен, Маңғыстаудағы сөз бастаған ақсақалдың арыны, харизмасы қандай керемет! Бауыржан Момышұлының бейнесін көрдім.

Міне, осындай мықты, аузы дуалы, харизмасы бар, ең бастысы, ел мүддесін шынайы (әкім-қараға жағыну үшін емес) көтеріп жүрген ЖАҢА БЕЙНЕДЕГІ ШЫНАЙЫ АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛЕРДІ саясат сахнасына алып шығатын сәт туды.

Бұрынғы билік маңына топтасқан азаматтық белсендінің БІР ДЕ БІРЕУІ СОҢҒЫ ОҚИҒАДА ХАЛЫҚТЫҢ АЛДЫНА ШЫҒА АЛМАДЫ.

Осыны ескеріп, Мемлекет басшысы ЖАҢА ПАРТИЯ ҚҰРҒАНЫ ЖӨН. Сол партиясының негізгі өзегін соңғы бейбіт шерулерде көзге түскен белсенділерден жасақтаса, шынайы жағдайда ҚАЗАҚТЫҢ АТАТҮРКІНЕ АЙНАЛАР ЕДІ...

Ал ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ПАРЛАМЕНТІН Еділ Жаңбыршин СИЯҚТЫ АЗАМАТТАР БАСҚАРУЫ ҚАЖЕТ деп ойлаймын!", деп жазды ол. 


Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры (ҚӘҚ) құрылды. 

Қор келесі міндеттерді орындайтын болады:

- Қазақстан Республикасының халқына денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қосымша қамтамасыз ету мәселелері бойынша қайырымдылық көмек көрсету;

- төтенше жағдайлар кезінде және төтенше жағдай режимін енгізу кезінде Қазақстан Республикасының зардап шеккен халқына көмек көрсету;

- халықтың әлеуметтік осал топтары және осал топ балаларына спорттық инфрақұрылымның дамуы және қолжетімділігін арттыру бойынша жәрдемдесу;

- Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары, арнайы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің отбасыларына және басқа да көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу, қолдау;

- Қор қызметінің басқа бағыттары бойынша қайырымдылық көмек көрсету.

Қорды қаржыландыру жеке көздерден, халықаралық қайырымдылық ұйымдарының қаражатынан, лотерея қызметі операторының, ставкаларды есепке алу орталығының және басқа да монополистердің міндетті аударымдарынан, ірі бизнес тарапынан тұрақты аударымдарынан, қайырымдылыққа, оның ішінде квазимемлекеттік секторға арналған қаражаттан жүзеге асырылатын болады.

Қордың Қамқоршылық кеңесі «Қазақстан халқына» бірауыздан ҚӘҚ төрағасы қызметіне Болат Жәмішевтің кандидатурасын ұсынып, қолдады.

«Қазақстан халқына» ҚӘҚ – ның жоғары басқару органы ретінде Қорға қатысушылардың жалпы жиналысы, бақылаушы орган ретінде Қамқоршылық кеңес, атқарушы орган болып Басқарма және бақылаушы орган болып Тексеру комиссиясы тағайындалады.

Бизнес-қоғамдастықтың өкілдері мен көмек ретінде қол ұшын созғысы келетін азаматтар «Қазақстан халқына» Қорының шотына келесі реквизиттер бойынша қаражат аудара алады:

«Қазақстан халқына» Қоғамдық Қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ97601A871001692501 KZT, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ. «Қазақстан халқына» Қоғамдық Қоры, ЖСН/БСН: 220140006999, Кбе 18, KZ52722S000011856768, ««Kaspi bank» АҚ.