"Қазақстанның коммунистік халық партиясының Қазақстанның коммунистік партиясымен бірігу туралы келіссөздерді ендігәрі біз тоқтатамыз", - деп хабарлады кеше баспасөз мәслихатында Қазақстанның коммунистік халық партиясының Орталық комитетінің хатшысы Владислав Косарев.
"Бұның бірінші және ең маңызды себебі Қазақстанның коммунистік партиясы Қазақстанның коммунистік халық партиясымен бірігу туралы мәселені тек ең жоғарғы деңгейде - Орталық комитет бюросында ғана талқылады. Төменгі шептерде мұндай талқылау өткізілген жоқ. Біз мұны партия ішіндегі демократия қағидаларын өрескел бұзу деп санаймыз", - деп баяндады В. Косарев.
"Сондай-ақ, Қазақстанның коммунистік партиясының құрылымы үш жыл ішінде түгелдей дерлік бұзылғандығына көзіміз жетті", - деді Қазақстанның коммунистік халық партиясының көшбасшысы. "Құрылымы бұзылған, белсенді мүшелері тараған, партия ұйымының бет-беделі қарапайым халық арасында жоғалуға айналған ұйымға біздің баруымыздың қандай қажеттілігі бар? Сондықтан біз бірігуден бас тартуды жөн санадық", - деп атап өтті В. Косарев.
"Біз мұндай шешімге беталды келгеміз жоқ. Біз екі айдан астам уақыт жұмыс істедік және біздің ұмтылысымыз еш нәтиже бермейтіндігіне көзіміз жетті", - деді партия басшысы.
Сұрақтарға жауап бере отырып, алдағы парламент сайлауында Қазақстанның коммунистік халық партиясы "өз бетімен, дербес әрекет ететінін" жеткізді. Сонымен қатар, В. Косарев "партия ешкіммен бірігуге ынталы еместігін" атап өтті. "Біздің идеологиямыз кез келген өзге партия мақсаттарынан алға қойған нысанынан айырмашылығы өте зор. Біз Қазақстанның коммунистік партиясымен бірігуге дайын едік. Алайда, ол партияда бірігетін ешкім жоқ" , - деп мәлімдеді партия жетекшісі.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанның коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин мен Қазақстанның коммунистік халық партиясының көшбасшысы Владислав Косарев биыл наурыз айының аяғында біртұтас коммунистік партияға бірігу туралы ниет, ықыластарының бар екендігін мәлімдеген болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті