Қазақстан Латвияның транзиттік әлеуеті мен Латвиялық кәсіпкерлердің елге келуінен мүдделі - Н.Назарбаев

Н.Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан Латвиялық кәсіпкерлердің индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруға қатысуынан мүдделі. Республика сондай-ақ "жүктерді транзитті тасымалдау және Латвияның қатпайтын айлақтарының мүмкіндігін пайдалануға пейіл",- деді Н.Назарбаев.

Қазақстан Елбасы осы орайда биыл Вентспилс айлағында тұңғыш астық терминалы құрылысының іргетасы қаланғанын, "соның айналасында еліміздің тауарларына арналған сауда-саттық алаңы қалыптасатынын" атап өтті. Елбасының пайымдауынша, "бұл айлақ мұнай транзитіне үлкен мүмкіндіктер ашады".
Алдағы уақытта Қазақстанға "мұнай тасымалдаудың жаңаша бағыттары қажет болатынын" айтқан Н.Назарбаев "еліміз Балтық жағалауы айлақтарына, соның ішінде Латвия айлақтарына да үміт артатынына" тоқталды.
Елбасы сондай-ақ қазіргі таңда екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа басты кедергілердің бірі Қазақстан мен Латвия және Ресей арасындағы көлік тарифтерінің өзара келісілмегендігі екенін атап өтті. Қазақстан тауарларын Балтық жағалауы елдеріне тек Ресей аумағы арқылы ғана тасымалдауға болатыны белгілі. Қазақстан президенті тарифтерді біріздендіру мәселесі Ресей мен Қазақстан бірдей енетін Еуразиялық Экономикалық қоғамдастығы аясында шешімін табады дегенге сенім білдірді. Сондай-ақ Н.Назарбаев Латвия президентімен келіссөздер барысында Қазақстан,Ресей және Латвия арасындағы осынау түйткілді шешу үшін үш жақты пікір алмасу мүмкіндігі талқыланғанын хабарлады.
Н.Назарбаевтың пікірінше, Қазақстанға Латвия да қызығушылық танытады. Атап айтсақ, Қазақстан "Қытай арқылы Оңтүстік-Шығыс Азияға шығатын көпір болмақ". Елбасы сонымен бірге "Дүниедүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуде Латвия тарапынан Қазақстанға қолдау көрсетіледі" дегенге сенім білдірді.
Ал Латвия президенті екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызы мен қажеттілігін атап өтті. "Қазақстан - Азияның кіндігі болса, Латвия - Еуропалық Одақтың ең шығыс шекарасындағы ел",- деді ол. В.Вике-Фрейберги Қазақстан мен Латвияның "өзара көмек көрсетіп, қол ұшын созуға, бір-бірін толықтыруға мүмкіндіктері мол" деп атап көрсетті.