Қазақстан Лондон Олимпиадасында үздік 30 елдің қатарынан көрінуі тиіс - Үкімет аптасы

Осынау дүние елдерінің назарын өзіне аударған спорт ойындарына әлемнің 205 елінен 12 мың 500 спортшы, 70 мыңға тарта ресми тұлғалар қатысады деп күтіледі. Онда олимпиадалық спорттың 39 түрі бойынша 302 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Дәл осы айтулы оқиғаның басталуына да нақ бүгінгі күнмен санағанда 98 тәулік ғана қалған екен. Лицензияны қанжығаға байлап, жер жаһанның кіл мықтыларымен күш сынасуға баратындар саны әлі де нақты емес, өйткені 9 шілдеге дейін Лондон жолдамасы сарапқа салынатын сайыстар бар алда. Ал қазірше Қазақстанның қанжығасында спорттың 16 түрінен 74 жолдама. Төрт жыл бұрынғы Бейжің додасына қазақстандық спорт саңлақтары 23 түрден 100-ден астам жолда­мамен барып еді. Ал 9 шілдеге дейін спорттың 25 түрінен жолдамалар сарапқа салынатынын тағы ескерсек, қазіргі жағдайымыз да жаман емес тәрізді, Бейжіңдегі межені де еңсере алатынымыз білінеді. Осы аптада Үкімет отырысында Олим­пиада мәселесі сөз болып, Министрлер Кабинеті Лондонға баратын спортшылар мен бап­керлердің дайындығына назар аударды.

Отырыста баяндама жасаған Агенттік басшысы Талғат Ермегияевтың айтуынша, қазіргі кезде Лондон Олимпиадасында жүлделі орын­дар­ды алуға мүмкіндігі зор үміт­кер­лер нақты анықталған. Олардың әрқайсысымен тиісті мамандар жұмыс істеп жатыр. Спорттың 9 түрі бойынша шетелдің жетекші жаттықтырушылары қызмет атқа­ра­ды. Ал ғалымдар спортшылардың жоғары биологиялық тамақтануын қамтамасыз етуде. Оған қоса до­пингке қарсы арнайы жүйе ен­гі­зіл­ген. «Осылайша, Лондон Олим­пиадасына аттанатын ұлттық құрама үшін барлық жағдай жасалды деуге болады. Команда шілденің 9-ына дейін жасақ­талады. Бүгінде спорт­тың 16 түрі бойынша 74 спорт­шы лицензия иесі атанды. Жалпы, біз спорттың 25 түрі бойынша 100-ден астам лицензияға қол жеткізуді көздеп отырмыз», - дейді агенттік төрағасы Талғат Ермегияев. Сонымен қатар, агенттік басшысы Олимпиадада қазақстандық спортшыларға ең ке­мі 3 алтын жүлдені жеңіп алу міндеті жүк­телгенін айтып өтті. Жалпы Тұманды Альбион еліндегі додадан Қазақстан 13-тен астам медаль ұтып, жалпы­ есепте әлемнің үздік 30 елінің қатарында көрінуге ниетті. Ал медаль әкелуге әлеуеті мейлінше жеткілікті саналатын спорт түрлеріне ауыр атлетика, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі, дзюдо мен бокс жатқызылады. Төраға спорттың дәл осы түрлерінен Қазақстанның Олимпиада сайын құрмет тұғырынан көрініп келе жатқанын еске салып, алда да негізгі салмақ осыларға түсетінін ескертті. Сөйтіп, Жазғы Олимпиадалық әлгіндей спорт түрлерінен жүлделі орындар күтілетін болады. Ал мұндай нәтижелерге жету үшін алда әлі де қаржылық қолдаудың қажеттігі байқалды. Яғни, спортшылардың Олимпиадаға дайындығы жоспарлы, жүйе­лі түрде жүргізіліп жатқанымен, әлі де қосымша қаржы керек етіледі. «Бүгінгі таңда біз «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе отырып, 997 млн. теңге көлеміндегі қосымша қаражатты бөлу бойынша тиісті жұ­мысты атқарып шықтық. Бұл спортшыларымызды сапалы шыңдау үшін қажет. Енді Үкіметтің қолдауын күтеміз», - дейді Талғат Ермегияев. Агенттік төраға­сы осы мәселеге байланысты Үкімет басшысына бастаманы қолдауды өтініп, мұн­дай тәжірибенің әлемнің барлық спорттық державаларында қолданылатынын жеткіз­ді.

Тағы бір айта кетерлік нәрсе, бізде Олим­пиадаға көбіне 6 өңірдің өкілдерінің баратыны белгілі. Мысалы, Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысынан Олим­пиадаға спортшылардың 60 пайызы барса, қалған облыстардан жарысқа 40 пайыз ғана спортшылар қатысады. Жиында осы мәселе де сөз болып, Т.Ермегияев өзге өңірлерге Олимпиадаға қатысатын спортшылардың санын көбейту керектігін ескертті.

Сонымен қатар, жиын барысында агенттік басшысы допингке қарсы ұлттық орталық құру мәселесін де көтерді. Алдымен жазғы жарысқа қатысты допингтік сынақ жайын сөз еткен Т. Ермегияев, Лондонда допингтік ба­­қылауға елеулі назар аударылатындығын есеп­ке ала отырып, қазіргі таңда заманауи меди­ци­на­­лық диаг­ностикалық аппаратура сатып алғанын жеткізді. Оның айтуынша, қа­зіргі уақытта лицензияға қол жеткізген барлық спортшылар міндетті түр­де допингке қарсы тұ­рақты бақылаудан өтуде. Дегенмен бұл шараның барлығы жеткіліксіздеу болып отырған сыңай бар. Осыған орай, агенттік басшысы до­пинг­ке қар­сы зертхананың жұмыс істеуін то­лық қамтамасыз ету үшін ұлттық допингке қарсы орталық құрылуы қажеттігін атап өтті. «Бұл - отандық спорттағы допингпен күресте жетіспей тұрған шара. Ондай орталық спортшыларды допингке тек­серуді ұйым­дастырумен, қан талдауын жи­нау­мен, олар­ды тасымалдаумен, есепке алумен, сон­дай-ақ спортшыларды паспорттаумен, Дү­ниежүзілік допингке қарсы агенттіктің өңірлік орталығы үшін есепті қалып­тас­тырумен айналыса алар еді», - дейді Т. Ермегияев.

Үкімет отырысында белгілі болған басты жаңалықтың бірі Тұманды Альбион елінде алтын­нан алқа таққан әр спортшыға 250 мың доллардан берілетін бола­ды. Екінші орынға - 150, үшінші орынға - 75, ал төртінші орынға - 30, бесінші орынға - 10 және алтын­­шы орын­ға 5 мың АҚШ дол­лары көлеміндегі спортшылар үшін ынталандыру сыйақысы белгі­лен­ген.

Айтпақшы, Лондон Олим­пиа­дасында мемлекеттік рәмізімізге, оның ішінде Әнұранға, Туға қатыс­ты бұған дейін орын алған олқылықтар қайталанбауы тиіс. Елді дүрліктірген оқиғалардан агенттік басшысы да сабақ алғанға ұқсайды. Кувейт­тегі Әнұранға қатысты оқиғаға байланысты мем­ле­кеттік жаттық­тырушы жазаланып, сөгіс алған. Бұдан бөлек, агенттік басшысы арнайы бұйрық шы­ға­рылғанын айтты, ол бойынша бұдан былай ұлттық құрамаға кіретін барлық спортшы­лардан әнұранды жаттап алу талап етіледі.

2017 жылы «100 аурухана» бағдарламасы аяқталады

Сонымен қатар, осы аптадағы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының орындалу барысы жайында есеп берген болатын. Министрдің айтуынша, бүгінге дейін аталған бағдарлама аясында 13 облыстағы 40 ден­саулық сақтау нысанының құрылысы аяқталмай отыр. «2008 жылдан бері Ақмола об­лы­сында - бес жобаның бі­реуі, Ақтөбе облысында - бес нысанның төртеуі, Ал­маты және Солтүстік Қазақстан облыстарында - алты жо­баның төртеуі, Шығыс Қазақстан об­лы­сында - жеті ны­санның екеуі, Астана қаласында - тоғыз жобаның үшеуі, ал Қызылорда облысында бірде-бір құрылыс нысаны тапсырылған жоқ», - дейді министр. Құрылыстың қарқынына көңілі толмаған министр был­тыр­дан бастап салынып жатқан денсаулық сақтау ме­ке­ме­лерін жіті бақылауға алғанға ұқсайды.

Жалпылама мәліметтерге жүгін­сек, алдағы екі жылда әлі аяқталып үлгермеген 44 жобаның 23-і аяқталатыны күті­леді. Қалған 21 нысанды 2014 жылдан кейін аяқтау жос­парланып отыр. Сондай-ақ осы жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде екі көпсалалы амбулаториялық кешен­нің құрылысы да қолға алынатыны белгілі болды. «Сөйтіп, «100 ау­рухана» бағдарламасы 2017 жы­лы аяқталады. Оған шамамен 210 млрд. теңге қажет. Оның 160 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінуі шарт», - дейді Денсаулық сақтау министрі. Бұдан бөлек 2015 жылға қарай «350 ден­саулық сақтау мекемесі» бағдар­лама­сын аяқтау жоспарда бар. Оған қосымша 70 млрд. теңге қажет болады.