Қазақстан Мадридте жүктеп алған міндеттемелерді орындамаған жағдайда да ЕҚЫҰ-ына төрағалық жасайды - ЕҚЫҰ ПА бас хатшысы (толық нұсқасы)

"Бұл шешім, әрине, қабылданды, Қазақстан ЕҚЫҰ-ына төрағалық жасайды ", - деді О. Спенсер республиканың өзіне жүктеп алған міндеттемелерін толық орындамауы ЕҚЫҰ шешіміне әсер етпей ме деген журналистер сауалына берген жауабында.

"Бірақ, сонымен бірге, Қазақстан оқиғалардың бел ортасында болады және елде болып жатқан оқиғаның бәрі де белсенді түрде жария етіліп, реформаларға барлық елдер баға беретін болады", - деді ол.

"Ал егер ЕҚЫҰ-ның қанша күте алатындығына келсек (Қазақстанның өз міндеттемесін орындауын - Қазақстан Бүгін ескертпесі), 1975 жылғы Хельсинки актісі мен басқа да құжаттардан кейін ұйымда түрлі уәделерді елдердің орындау деңгейі мен жетістіктерін тексеру тәжірибесі қалыптасқан", -деді бас хатшы. "Әрине, ешкім де идеалдық деңгейге жете алмайды, әсіресе бұл, меніңше, посткеңестік мемлекеттерге тән жайт", - деді ол.

"Кейбір елдерде демократияландыру процессі қарқынды жүргізілсе, кей жерлерде тауқыметтер туындауда, мәселе елдердің дұрыс бағытта алға жылжуында", -деді ЕҚЫҰ өкілі.

"Қазақстан ұйымға 2010 жылы төраға болуға ниет білдірді, ұйымға мүше 56 ел оны қолдады. Әрине, Қазақстан үшін ЕҚЫҰ тарапынан қойылған талаптарға сай келу мақсатында не істеу керектігі туралы мәселелер туындап келген және қазір де туындауда. Бірақ, біздіңше, ол қазір біртіндеп кейбір қадамдарды жасап жатса, кейбіреуін 2010 жылға дейін жасай беруге тиіс, бұл процесс одан әрі жалғаса береді", -деді О. Спенсер.

"Біздің дәл бүгін осында болуымыздың өзі Қазақстанның кейбір тұстарда табыстарға қол жеткізгенін паш етеді", - деді ол.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, АҚШ конгрессінің мүшесі Алси Хастингс кеше өткен баспасөз мәслихатында: "АҚШ Қазақстан ұйымға төраға болған уақытта Қазақстанмен жұмыс істеуге дайын, бірақ, біз елді былтыр Мадридте министрлер деңгейінде өткен кездесуде берген уәделерін орындауға шақырамыз", -деді.

Өз кезегінде сенатор Бенджамин Кардиннің мәлімдеуінше, "Қазақстанның экономикалық ілгерілеушілігі тамсандырады және ел 2010 жылы ЕҚЫҰ-ында жетекші рольге ие болады". "Біз Қазақстан басшылығына осындай ілгері қадам жасағаны үшін алғыс айтамыз және сонымен бірге конгрессмен Хастингстің пікіріне қосылып, Қазақстанның былтыр Мадридте министрлер деңгейінде өткен кездесуде берген уәделерін атап өткім келеді", - деді ол.

Сенатордың айтуынша, бұл міндеттемелердің барлығы да "саяси партиялардың құқықтарына, сайлауға байланысты реформаларға, діни ұйымдардың құқықтарын қорғау мен БАҚ еркіндігіне байланысты".