Осы оқиғаға орай "Нанн-Лугар" бағдарламасы деген атаумен белгілі "Қауіп-қатерді бірлесіп азайту" бағдарламасының негізін қалаушылардың бірі, АҚШ сенатының халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы, сенатор Ричард Лугар былай деп мәлімдеді: "Мен АҚШ әкімшілігі мен қорғаныс министрлігінің осынау маңызды істі Қазақстан үкіметімен бірлесе жүзеге асыруға бағытталған талпыныстарына ризамын. Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен үкіметті құттықтаймын. Бұл халықты жаппай қырып-жоюға арналған қарудың таралу қаупін азайтуға жасалған айрықша маңызды қадам болып табылады".
Ал Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қанат Саудабаев : "Қазақстанның бұл түзетуге қол қоюы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен республика үкіметінің қару таратпауға бағытталған табанды әрі жүйелі саясатының дәлелі болмақ. Халықты жаппай қырып-жоюға арналған қарудың залал-зардабын тікелей татып көрген Қазақстан халқы осынау өлім сепкіш қарудың таралуына қарсы ғаламдық күрестің алғы шебінде бұдан былай да қала бермек",- деді.
Қол қойылған түзетуде Қазақстанда биологиялық қару таралуының алдын алуға бағытталған жобаларды қаржыландыру көлемін АҚШ тарапынан 35 млн. долларға арттыру көзделген.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2003-жылдың тамыз айында елімізге келген сенатор Р.Лугар үкімет басшысымен кездеуде биологиялық қарудың таралуына жол бермеу мен биологиялық лаңкестікпен күрес саласындағы Қазақстан-АҚШ ынтымақтастығының келешегі туралы талқылаған.
Осындай уағдаластық бойынша "Нанн-Лугар" бағдарламасы аясында диагностикалық анықтамалық зертхана салу, сондай-ақ, болуы ықтимал лаңкестік әрекеттердің салдарынан жұқпалы аурулар мен эпидемиялардың табиғи белең алуына төтеп беру, диагноз қойып анықтау, танып білу мүмкіндіктерін нығайту үшін Қазақстанда жұқпалы ауруларды қадағалау жүйесін құру межеленген. Сондай-ақ, Орталық Азия аймағындағы жұқпалы ауруларды емдеу үшін бірлесе отырып жаңаша молекулярлық диагностика және терапия тәсілдерін жобалау жоспарланды.