Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы байланыс тереңдеп келеді - бас консул

Әзірбайжандық делегацияны алдымен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қабылдап, кездесуде Әзербайжан мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. «Елбасымыз Н.Назарбаев қашанда туыстас екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа айрықша мән беріп отырады. Қазір Отанымызда және өңірімізде саяси тұрақтылық пен өзара келісім ахуалы орнаған. Ел экономикасына шетел инвестициясын тартуда тыңғылықты істер тындырылуда. Демек, біздің дамуымыздың жолы даңғыл, мақсаты нұрлы», деді облыс басшысы.

Бас консул өз сөзінде Әзербайжан басшылығының Қазақстанмен екі ортадағы қарым-қатынасқа айрықша мән беретінін атап көрсетті. Басқасын айтпағанда, қазір Қазақстанның батысындағы үш өңірмен Әзербайжанның тұрақты және ынтымақты байланысы орнаған. Екі жақты бизнес-форумдар жүйелі өтеді. Енді Ақ Жайық өңірімен сондай кең көлемді қатынас қалыптастыру қажет. Әзербайжан мен Қазақстанның арасында ешқандай түйткілді мәселе жоқ. Керісінше, жүзден астам келісімшарт екі жақты қарым-қатынастың іркіліссіз өтуіне берік негіз. Сонан соң бас консул Н.Ноғаев бастаған Батыс Қазақстан облысының делегациясын Әзербайжан еліне ресми іссапарға шақырды.

Кездесуде атап өтілгеніндей, Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы Әзербайжан елінің Қазақстандағы бизнес қауымдастығымен тығыз байланыс жасайтын болады. Соның дәлеліндей әзербайжандық делегация облыстық кәсіпкерлер палатасына келіп, өңірдегі бизнес құрылымы өкілдерімен кездесті.

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Кеңес Әбсатыров республикадағы инвестициялық ахуал, әкімшілік кедергілерді жою бағытында қолға алынған шаралар, Кеден одағының бірыңғай нарығының құрылуы туралы баяндады. Мұның бәрі екі ел кәсіпкерлерінің бірлесе жұмыс жасап, түрлі жобаларды қолға алуына мүмкіндік береді.


Бас консул Рашад Маммадов екі ел арасында барыс-келіс қарқыны артып, сауда-саттық көлемі ұлғайғанын атап өтті. «Бүгінгі таңда біздің елде сауда, көлік, ауыл шаруашылығы салаларында қазақстандық компаниялар табысты жұмыс жасауда. Әзербайжандық кәсіпкерлер Маңғыстау, Атырау, Қарағанды облыстарында, Астана, Алматы қалаларында сауда, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік салаларының дамуына өз үлестерін қосуда. Жалпы, біздің кәсіпкерлеріміз тарапынан Қазақстанда жұмыс істеуге деген қызығушылық бар. Ал Әзербайжанда  ақпараттық технология, химия өнеркәсібі, туризм, құрылыс салаларда берекелі жұмыс жасауға мүмкіндік мол. Осы сәтті пайдаланып, қазақстандық, соның ішінде батысқазақстандық кәсіпкерлерді бірігіп жұмыс істеуге шақырамын», деді бас консул.