Қазақстан мен Әзербайжан азаматтар туралы жеке ақпарат алмасады – сенат заң қабылдады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Парламент сенаты Қазақстан мен Әзербайжан арасында көші-қон саласын реттейтін келісімді ратификациялады.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев келісімге 2019 жылы 14 қазанда Бакуде қол қойылғанын атап өтті.

"Келісімді ратификациялау көші-қон ағындарын реттеу, азаматтық мәселелерін шешу және заңсыз көші-қон желілерін анықтау үшін қолайлы жағдайлар жасайды", - деді ол сенаттың жалпы отырысында.

Атап айтқанда, келісім екі елге статистика мен ақпарат алмасуға, азаматтар туралы жеке ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстан мен Әзербайжан үкіметтері тәжірибе алмасып, бір-біріне практикалық көмек көрсетеді.

Екі ел азаматтарының құқықтық мәртебесі анықталады. Көші-қон саласындағы қылмыстармен күресіп, заңсыз каналдарды жоюға болады.

Қожаев Қазақстан мен Әзербайжан мемлекеттерінде заң бойынша қос азаматтық жоқ екенін айтты. Әзербайжан тарапы келісімді ратификациялау тәртібін аяқтаған. 


Осы заңды қабылдау азаматтық мәселелер бойынша ақпаратпен алмасу, қос азаматтық және заңсыз көші-қонға қарсы күресте туындаған мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайды,  қосымша қаражатты талап етпейді, деді ол.

Сенатор Сұлтанбек Мәкежановтың ақпаратынша, 2018 жылы Қазақстанға 50 мыңға жуық Әзербайжан азаматы келсе, 2019 жылы 48 мың адам келген. Ал Қазақстаннан 2018 жылы 29 мың, 2019 жылы 28 мың азамат Әзербайжанға барған.

Әзербайжан азаматтарының көбісі Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында тұрады.

Былтыр Қазақстан аумағында болу ережесін бұзғаны үшін 415 әзербайжандық әкімшілік жауапқа тартылды, ал 112-сі елден шығарылды.