Қазақстан мен БАӘ қосарланған салық салуды болдырмайды - Сенат комитеті

Конвенцияның мақсаты екі ел арасындағы экономикалық қатынастарды инвестицияларға қолайлы жағдай жасау жолымен нығайту және дамыту болып табылады. Сонымен бірге, біреуінің немесе екі Келісуші Мемлекеттердің резидент жеке және заңды тұлғаларының табыстарына қосарланған салық салуды жоюды көздейді. Конвенция салықтың барлық түріне қолданылады. Кейбір дивиденттерге, пайыздарға және роялтиге табыстың пайда болу мемлекетінде төмендетілген мөлшерлеме бойынша салық салынатын ережелер қарастырылған.


Конвенцияның 5-бабына сәйкес, келісуші мемлекеттердің біріндегі заңды тұлға-резидент, егер ол тұрақты мекеме қалыптастырмай-ақ кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын болса, онда басқа келісуші мемлекеттегі табыс салығын төлеуден босатылу мүмкіндігі қарастырылады.

Еске салсақ, дәл осыған ұқсас конвенцияларды Қазақстан 44 мемлекетпен жасап үлгерген болатын. 12 қыркүйекте өтетін Сенаттың жалпы отырысына аталған заң жобасы бойынша Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндама жасайтын болады.