Мемлекет басшылары Қазақстан мен Чехия арасындағы қарым-қатынас негіздері туралы Декларацияға қол қойды. Екі ел өкілдері бұған қоса экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім мен екі ел арасында сатылатын өнімдердің сәйкестігін бағалау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың пікірінше, қол қойылған құжаттар "екі ел арасындағы сауда-саттыққа тың серпін беруі тиіс". Келісімдер Чехияның биылдан бастап Еуропалық Одаққа мүшелікке өту жағдайына бейімделген.
Келіссөздер қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз мәслихатында мемлекет басшысының атап көрсеткеніндей, "реформаларды жүзеге асыру барысында Қазақстан Чехиядағы реформалар барысын жіті қадағалап, оның кейбір тұстарын пайдаға жаратты". "Қазір Қазақстан мен Чехия экономикасы табысты дамып келеді",- деді Елбасы. Қазақстанда машина жасау саласының жоғары дамуы, саланың тұрақты жұмыс істеп тұруы, озық технологияларды қолдану мен шикізат қоры "екі ел экономикасының бір-бірін толықтыра түсетінін" паш етсе керек.
Қазақстан бірінші кезекте Чехиямен арада сауда-саттық саласындағы қарым-қатынасты дамытуға мүдделі, деді Н.Назарбаев. Ол екі ел арасындағы алыс-беріс көлемінің мардымсыз күйінде қалып отырғанын атап өтті. Алайда, "биыл бұл салада шамалы өсім байқалады, осынау көрсеткіш пен екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас деңгейін шұғыл көтеруге мүмкіндік бар".
Чехия президенті Вацлав Клаустың хабарлауынша, ол өзімен бірге Қазақстанға ірі кәсіпкерлер тобын ала келген. Олар қазақстандық кәсіпкерлермен кездесулер өткізуге құлықты. Чехия президенті осы жолғы сапары барысында "нақты нәтижелерге қол жеткізіледі" дегенге сенім білдірді.