Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында Қазақстаннан болат өнімдерінің жекелеген түрлерін экспорттау туралы жаңа келісімге қол қойылды

Қазақстан жағынан оған Еуропалық Қоғамдастық жанындағы еліміздің тұрақты өкілі Константин Жигалов, Еуропа жағынан - Еуропалық Қоғамдастық жанындағы Ирландияның (Еуропалық Қоғамдастыққа төрағалық жасаушы ел ) тұрақты өкілі, елші Анн Андерсон қол қойды.

Қол қойылған уағдаластық 2005-жылға дейін қуатты. Келісім Қазақстаннан Еуропалық Қоғамдастыққа болат өнімдерінің сандық шектеу қойылмаған 12 түрін экспорттауға екі жақты бақылау қою жүйесін іске қосады. Құжатта қарастырылғанындай, Еуропа елдеріне экспортталатын металлургия өнімдеріне Астана мен Брюссельден сапа сертификаты беріледі.
ҚР статистика жөніндегі Агенттігінің мәліметі бойынша, 2003-жылы Қазақстаннан Еуропа елдеріне (Испания, Греция, Франция, Ұлыбритания, Италия) экспортқа шығарылған байытылған және байытылмаған, тот баспайтын темірлі болат прокатының көлемі 28,7 млн. долларды, ал Финляндия, Ұлыбритания, Германия, Бельгия, Италия, Швеция елдеріне шығарылған импорт көлемі 3,4 млн. долларды құрады.
Жаңа келісім Қазақстан өнімдерін Еуропа нарығына кепілді шығаруға мүмкіндікті қамтамасыз етеді.
К.Жигаловтың айтуынша, бұл келісімге "Қазақстан- Еуропалық Одақ" ынтымақтастық кеңесінің жиынын 2004-жылдың шілде айының ортасында өткізуге дайындық жұмыстары аясында қол қойылып отыр, Ол сондай-ақ, Қазақстан президенті Н.Назарбаев пен Еурокомиссия төрағасы Романо Проди арасындағы келісімдерді жүзеге асыру мақсатындағы кезекті тәжірибелік қадам болып табылады.