Қазақстан мен Францияның арасындағы экономикалық қатынастардың әлеуеті зор - Франция премьері

"Біздің экономикалық қатынастарымыз сәтті дамып келеді және олардың даму әлеуеті өте зор. Францияның тұтынып отырған 10 литр мұнайының 1 литрі, 12 тонна уранның 1 тоннасы Қазақстаннан тасымалданады",- деді Ф. Фийон.

Ф. Фийон Франция "Қазақстандағы бесінші инвестор" болып табылатындығын еске сала кетті. "Мен біздің бұдан да қарқынды жұмыс істейтіндігімізге сенімдімін, себебі көптеген француз кәсіпорындары мұнда маңызды инвестиция жобаларына ие",- деп атап көрсетті Францияның үкімет басшысы.

Ол өз тарапынан Қазақстанның инвесторларын Франция экономикасына қаржы салуға шақырды. "Қазақстанның инвесторларына Францияны зерттеуді ұсынамын, біз сіздермен бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз",- деді ол.

Франция Қазақстанның шетелдік сауда әріптестерінің арасынан Ресей, Италия, Швейцария мен Қытайдан кейін бесінші орынды иемденеді. ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметінше, 2007 жылы Қазақстан мен Франция арасындағы сауда-саттық көлемі $4,68 млрд жетті.

Қазақстан негізінен мұнай, металл түрлері, металл өнімдері, химиялық өнімдер мен ауылшаруашылығы тауарларын экспорттайды. Ал Франциядан электр қуаты, электрондық және механикалық жабдықтарды, тұтыным тауарлары мен дәрі-дәрмек импорттайды.

Инвестициялар көлемімен Франция Нидерланды, АҚШ пен Ұлыбританиядан кейінгі төртінші орында. Өткен жылғы қазан айындағы жағдаймен Қазақстан экономикасына жұмсалған француз инвестициясының жалпы көлемі $3,7 млрд құраса, Франция экономикасына Қазақстанның жұмсаған инвестициясы $260 млн асады.