Мұндай шара екі елдің пошта қызметтерінің қызмет көрсету сапасын арттыру және мерзімін қысқартуға мүдделілігінен туындап отыр.
"90-шы жылдардың басында Германиядан Қазақстанға жіберілген пошта жөнелтімдерінің сақталу проблемасы мейлінше өткірлене түсті. Хаттар, орамахаттар, сәлемдемелер мен хатқа қоса салған сауқаттар түгелімен жоғалып кетіп жатты. Біз Ресей мен Германияның пошта қызметтерімен ауқымды жұмыстар тындыру нәтижесінде клиенттерден келіп түсетін арыз-шағымдар күрт азайды. Дейтұрғанмен, бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым азайғанына қарамастан, пошта жөнелтімдерінің сақталуы туралы проблема әлі де арылмай отыр",- деді Қазпошта жетекшісі.
Қазақстанға Германиядан жіберілетін пошта жөнелтімдері Польша, Литва, Беларусь және Ресей аумағын басып өтеді. Қазақстан пошта қызметі өкілдерінің пікірінше, осындай жағдайда сәлемдемелерді тонау немесе ішіндегісін ауыстырып алу оқиғасы қай елде жүзеге асырылғанын нақты анықтау қиын.
Ал пошта жөнелтімдерін әуе жолымен тасымалдау Франкфурт пен Алматы аралығында тікелей жүзеге асырылады. Авиапошта қызметі жерүсті тасымалының тарифтері бойынша көрсетіледі деп күтілуде. "Әуе тасымалына ден қоюға байланысты шығындарды біз тарифті қымбаттау арқылы емес, пошталық жөнелтімдер санын артыру арқылы өтеп алмақшымыз",- деді Қазпошта басқармалары төрағасының орынбасары Рамазан Тұңғышбаев.
2004-жылдың аяғына дейін Германияда Қазақстанның пошта өкілдігі ашылады. "Германияда еліміздің өкілдігін ашу екі жақты ынтымақтастыққа қатысты кең көлемді мәселелер топтамасын шешуге мүмкіндік береді, атап айтсақ, біз екі ел арасында сәлемдеме жіберу және каталог бойынша сауда-саттық жасау көлемін арттырмақ ниеттеміз",- деді Қазпошта басқармаларының төрағасы.
Сондай-ақ, сәлемдеменің дер кезінде жеткізілуі мен сақталуын қадағалауды күшейту үшін Қазақстанда пошта жөнелтімдерін аңду жүйесі құрылуда. "Халықаралық пошта жөнелтімдері жаппай Алматы, Астана және Оралдағы сорттау бөлімшелерінде компьютерлік мәліметтер қорына қамтылып, олардың бүкіл жүріп өткен жолы жіберілген сәттен бастап алушының қолына тигенге дейін жіті бақыланады",- деді Е.Арыстанов. Алдағы уақытта мұндай жүйе Қазпоштаның барлық аймақтық бөлімшелерінде қолданысқа енгізіледі.