Қазақстан мен Германияның үкіметаралық комиссиясы екі елдің визалық тәжірибесін оңтайландыру қажет деп санайды

"Бүгінгі күні үкіметаралық комиссияның жетінші отырысында біз талқылаған мәселелер мемлекеттердің екі жақты қатынастарына қатысты болды. Атап айтқанда, туризмнің дамуы сөз болды", - деді Қайрат Сарыбай. "Біз екі жақ та виза режимін оңтайландыру үшін жұмыс істеуге келістік", - деп атап көрсетті ол.

"Германияның Қазақстандағы дипломатиялық өкілдігі бүкіл Еуроодақтың дипломатиялық өкілдіктері ішінде Қазақстан азаматтарына виза беру көрсеткіші жөнінен көшбасшылығы бізді қуантады. Алайда, соған қарамастан, тараптар виза режимін жақсарту үшін қолдан келгенді жасауға уәделестік", - деп хабарлады министрдің орынбасары.

Сондай-ақ Қайрат Сарыбай "Германия үкіметінің бүкіл әлемдегі өзінің отандастарын қолдаудағы тәжірибесі сол сияқты шетелдегі өзінің отандастарын қолдау шараларын жүргізіп отырған Қазақстан үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр", - деп атап өтті.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің толықтыруына сәйкес, кешегі үкіметаралық комиссияның жетінші отырысы аясында өткен келіссөздерде, сонымен қатар, Берлинде өткен комиссияның алтыншы отырысының қорытындысы бойынша белгіленген шараларды жүзеге асыру барысы, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларында және Қазақстан Республикасында тұратын этникалық немістерді қолдау контексінде халықты әлеуметтік қорғау саласында өзара ықпалдастықты әрі қарай жалғастыру мүмкіншіліктері анықталды.

Жетінші отырыс қорытындысы бойынша бірлескен коммюникеге қол қойылды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті