Қазақстан мен Иран арасында 1 млрд. долларға 50 келісім жасалды

Іскерлік кеңестің жұмысына Қазақстан мен Ираннан 200-ден астам компания қатысты.  Қорытындысында екі елдің бизнесмендері шамамен 1 млрд. доллар сомасына ынтымақтастық туралы 50 келісімге қол қойды. Оның ішінде 304 млн. долларды құрайтын 9 құжатты «Бәйтерек» холдингінің тобы мен оның әріптестері рәсімдеді.  

Қазақстандық-ирандық іскерлік кеңестің тең төрағасы, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты қатынастың белсенді дамуы процесінде екі елдің мемлекет басшылары үлкен рөл атқарды.   

«Қазақстан экономикасына ирандық компаниялардың инвестицияларын тартуды көздейтін бұл келісімдер ирандық компаниялар үлкен прогреске жеткен салалардан болғандығына қуаныштымыз. Өткен іскерлік кеңесте әуе бағыттары бойынша жеке мәселе көтерілген еді. Барлық айтылған мәселелерді біз Қазақстан Үкіметіне жеткіздік. Көлік қатынасының проблемалары жақын арада шешіледі. «Эйр Астана» Қазақстан мен Иран арасында жаңа бағыттарды ашып жатыр. Бұл бізге сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз», - деді Қ.Бишімбаев.

Бұдан басқа, екі елдің сауда-экономикалық әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан визалық қолдау жөніндегі мәселенің шешіміне кірісті.


«Біз визалық қолдау мәселесін Қазақстанның Үкіметіне жеткіздік. Осы мәселе бойынша жұмыс басталып кетті. Виза алу қиындықтарына тап болмай, Қазақстан мен Иран арасында алаңсыз ұшу үшін қазақстандық тарап ең жақын уақытта барлық шаралар қабылдайды деп үміттенеміз», - деді Қ.Бишімбаев.

Өз кезегінде ирандық-қазақстандық іскерлік кеңестің тең төрағасы А. Абеди: «Бауыр үшін үйдің есігін жабық ұстауға болмайды. Қазақстан әуежайларда 40 мемлекетпен виза беру жұмысын ретке келтірді. Визалық мәселелер шешімін тапса, онда туризм, сауда және қаржы саласындағы ынтымақтастық тиімді дамитын болады»,-  деді.