Қазақстан мен Канада сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құруды межеледі

"Біз сауда-саттық, инвестиция және технологиялар алмасу салаларындағы өзара ынтымақтастық аясын кеңейтуге тиіспіз",- деді Канада халықаралық сауда министрінің орынбасары Р.Фонберг. Ал Канада СІМ-нің бас директоры Д.Престон "Канада тек Қазақстанның энергетикасынан ғана емес, сонымен бірге ауылшаруашылығы өнімдерін жинау, сақтау және өңдеу тиімділігін арттыру, көлік және экологиялық таза технологиялар салаларындағы ынтымақтастықтан да мүдделі" деп атап көрсетті. Канаданың ресми өкілдері "сауда және инвестиция, сондай-ақ, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан Канада үшін Орталық Азия аймағында Қазақстанға басымдық беріледі" деп атап өтті.

Кездесу барысында Қ.Саудабаев өз сұхбаттастарына Қазақстандағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары мен қазіргі ахуал туралы ақпарат берді. Қазақстан дамудың сапалық жаңаша деңгейіне көтерілгені, осыған байланысты халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуден мүдделі екені айтылды.
Канада қауымдар палатасының халықаралық сауда және шетел істері жөніндегі тұрақты комитетінің төрағасы Б.Петридің айтуынша, оның Канада парламентіндегі әріптестері мен жеке өз басы екі ел арасындағы "қарым-қатынастарды нығайту қажеттігіне" кәміл сенеді. Оның айтуынша, "Қазақстандағы жуырдағы сайлаудың мүлдем жаңаша жағдайда өткізілуі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ескертулеріне қарамастан, республиканың дұрыс бағытта алға басқанын айғақтап береді". Б.Патри сонымен бірге Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы іс-шараларына жоғары баға берді. Оның мәлімдеуінше, "Канада парламенті ядролық қарудан бас тарту және ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына Қазақстан президентінің қосқан зор үлесі үшін ризашылық білдіреді".
Кездесуге қатысушылар Қазақстан-Канада парламентаралық достық тобын құру қажеттігі туралы сөз қозғап, бұл істің нақты тетіктерінне тоқталды. "Екі ел парламенттері арасында тәжірибе және білім алмасу мүмкіндіктері мол",- деді канадалық заң шығарушы.