Қазақстан мен Латвия арасында бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды

Атап айтқанда, Қазақстан мен Латвия арасында лаңкестікпен, есірткілік және психотроптық заттардың, оларға балама заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымымен және ұйымдасқан қылмыспен күрес саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Қазақстан жағынан бұл құжатқа ҚР ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков қол қойды. Сондай-ақ, экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы, сондай-ақ, шетелдік инвестицияларды қорғау және оны ынталандыру туралы үкіметаралық келісімдерге үкімет атынан ҚР индустрия және сауда министрі Әділбек Жақсыбеков қол қойды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бүгін түстен кейін Латвия президенті бизнес-форумға қатысып, ҚР парламенті мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбаймен кездеседі. Сондай-ақ, сапар бағдарламасында Отан қорғаушылар ескерткішіне гүл шоқтарын қою, Президенттің мәдени орталығын аралау көзделген. Кешкісін Латвия президентінің құрметіне Елбасының атынан ресми қонақасы беріледі.
9-қазан сенбіде В.Вике-Фрейберги Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушы-ұстаздар құрамымен кездесіп, "Бәйтерек" ескерткіш кешені мен қаланың жаңа әкімшілік орталығын аралайды.