ҚР Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, аталған келісімді ратификациялау арқылы Қазақстанда қылмыс жасап, Мажарстанда жасырынып жүрген қылмыскерлерді қайтаруға мүмкіндік беріледі. Бұл ретте тараптар қылмыстық қудалауды жүзеге асыру және ұстап беруге әкелетін қылмыстар үкімін орындау үшін өз аумақтарындағы іздеуде жүрген адамдарды бір-біріне ұстап беруге міндеттенеді.
«Келісімнің шарттарына сәйкес, қылмыскерлерді беру шарасы қылмыстық заңнамада қамтылған, екі мемлекетте де қылмыс деп танылатын қылмыстық әрекеттер үшін қарастырады, ал ұстап беруге қатысты жазалау санкциясы қылмыскер үшін 1 жылдан кем болмауы керек. Егер сұрау салған тарап қылмыскерді беру өзінің ұлттық қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне залал келтіреді, сондай-ақ сұрау салынған қылмыс саяси қылмыс деп саналса, онда ондай тұлғалар берілмейді. Сонымен бірге егер іздеуде жүрген тұлғаға қатысты нәсілі, жынысы, діни көзқарасы, ұлты немесе саяси көзқарасы белгілері бойынша қылмыс жасалды деуге негіз болса да, қылмыскерлер берілмейді. Сонымен қатар екі мемлекетте де саяси баспана мәртебесін алған тұлғалар да берілмейді», - деді И.Меркель.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан дәл осыған ұқсас келісімдерді 12 мемлекетпен жасасқан.
«Жақын келешекте біз осыған ұқсас келісімшарттарды Сауд Арабиясымен, Вьетнаммен, Малайзиямен, Пәкістанмен, Бразилиямен және тағы да басқа елдермен жасауды көздеп отырмыз», - деді И. Меркель.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.