И.Саад Мысыр индустрия және сауда министрінің жуырда Қазақстанға жасайтын сапары "екі жақты қарым-қатынасқа тың серпін береді" дегенге сенім білдірді. "Бұл сапар барысында біз екі жақты ынтымақтастықтың өзара тиімді салаларын анықтай аламыз деп сенемін",- деді ол.
И.Саадтың пайымдауынша, "Мысырлық кәсіпкерлер Қазақстанның экономика саласын реформалаудағы жетістіктерінен толық хабардар емес". "Олар Қазақстандағы экономикалық және іскерлік мүмкіндіктер туралы ақпараттардан бейхабар",- деп атап көрсеткен вице-министр өзінің бұл жолғы сапары "осы саладағы ақпараттарды алу және оны Мысыр кәсіпкерлерінің арасында тарату тұрғысынан пайдалы болуы мүмкін" деді.
Сондай-ақ, Мысыр елі Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке өтуге деген талпынысын қолдайды. "Қазақстанды Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке қабылдау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі ретінде Мысыр сіздің елді жан-жақты қолдайды",- деді дипломат.
"Египет Араб Республикасы Қазақстанның Орталық Азия елдерінің одағын құру саласындағы бастамасы мен осы бағыттағы дипломатиялық қадамдарын жоғары бағалайды",- деді СІМ-нің орынбасары.
И.Саад кездесу барысында Қ.Тоқаевқа өз елінің сыртқы істер министрі Ахмад Абул Гейттің жолдауларын табыс етті. Мысыр дипломатының айтуынша, жолдаудың бірі Қазақстан мен Мысыр арасындағы екі жақты қарым-қатынас мәселелеріне, ал екіншісі БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін реформалау және оның аясын кеңейту идеясын жүзеге асыру шаралары мен процедурасына арналған.