Қазақстан мен НАТО қолданыстағы бағдарламалар аясында өзара ынтымақтастықты одан әрі өрістетуде

Конференцияда сөз сөйлеген Альянстың бұқарамен байланыс жөніндегі департаментінің кеңесшісі Хосе-Мария Лопес-Наварро Солтүстік Атлантикалық Альянс Орталық Азия аймағынан төне бастаған қатерді сезеді деп атап көрсетті. Ұйым бұл процессті жіті қадағалай отырып, Орталық Азия аймағында өткізілетін лаңкестікке қарсы науқанды шараларға ұдайы қатысып отырмақ ниетте.

Журналистер сауалына жауап берген ҚР сыртқы істер министрлігінің төтенше тапсырмалар жөніндегі елшісі Әуезхан Қырбасов: "Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымы және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы тәрізді барлық халықаралық бірлестіктермен жасасқан өзара уағдаластықтан ешқашан ауытқымайды. Ал республиканың Солтүстік Атлантикалық Альянспен қарым-қатынасы бұл келісімдерге қайшы келмейді",- деп атап көрсетті.
Халықаралық конференцияны ҚР СІМ, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің халықаралық қатынастар факультеті мен Солтүстік Атлантикалық Альянстың бұқарамен байланыс жөніндегі департаменті бірлесіп ұйымдастырған. Бас қосуға ҚР сыртқы істер министрлігі мен НАТО-ның қоғамдық байланыстар департаментінің өкілдері, саясаттанушылар, Қазақстан, Қырғызстан, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да бірқатар елдердің ғалымдары мен сарапшылары қатысуда.
Елшілер мен ғалымдар екі күнге созылатын бас қосу барысында халықаралық және аймақтық қауіпсіздік модельдері, халықаралық лаңкестікпен күрес, НАТО мен Орталық Азия елдерінің өзара ынтымақтастық перспективасы туралы талқылап, Еуропалық және американдық күш құрылымдары қызметкерлерімен тәжірибе алмасады.