Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария суын бөлісуге уағдаласты


Оңтүстікқазақстандық шаруалар  Өзбекстанмен Сырдария суын бөлісудің нәтижесінде жеткілікті көлемде су алатын болады. Бұл туралы бүгін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 15-ші отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген  ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

«Жыл сайын Оңтүстік Қазақстанда, әсіресе Мақтаарал ауданында дақылдарды себу маусымы барысында Сырдария суын бөлуде үлкен мәселелер туындап жатады. Өзбекстан тарабы Қазақстанның біз уағдаластыққа қол жеткізген су көлемін толығымен алатындығын қуаттады. Бұл біздің үмітімізді еселеп отыр. Суғару кезеңінде Оңтүстік Қазақстан облысының фермерлері жеткілікті көлемде су ала алады деп айтуға болады», - деді Б.Сағынтаев.