Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен үкіметаралық отырысы өтті

Сырдарияның сағасындағы шаруалар биыл судан қиыншылық көрмейді. Өзбекстан тарапы керек көлемде су жіберуге уәде беріп отыр. Бұл туралы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 15-отырысында мәлім болды. Қос тарап алыс-беріс пен барыс-келістің жайын талқылады. Былтыр жаһанды дендеген дағдарыстың салдарынан екі ел арасындағы сауда айналымы 13%-ға құлдыраған. Алдағы уақытта осы көрсеткішті кемітпеудің жайы бүгінгі жиынға өзек болды. Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары: - Екі елдің арасындағы сауда айналымында тауарлардың көлемдерін арттыру мәселесі көтерілді. Осы бағытта екі елдің экономика министрліктеріне тапсырма берілді. Өзбекстан тарапы 2020 жылға дейін осы мәселелерді  қарап, 2020 жылы ең төменгі деңгейде акциздерге түсіру жөнінде өздерінің пікірлерін жеткізді.