Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара әлі де ашылған жоқ - ҚР ҰҚК Шекара қызметі

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекараны жабу туралы шешімді көршілес елдегі ахуалға байланысты 24-наурызда Қазақстан басшылығы қабылдаған болатын. Сол күні Тараз шекара отрядының бөлімшелері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді.

Ал Жамбыл облысындағы KZ-today тілшісінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан- Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы өткелектер шектеулі режимде жұмыс істеп тұр. Отанына бет түзеген қазақстандықтар мен өз еліне бет алған қырғызстандықтар шекарадан шығарылып жатыр. ҚР күш құрылымдарындағы ақпарат көзінің хабарлауынша, 25-26-наурыз күндері Қордай өткелегі арқылы Қазақстанға 992 адам келсе, 776 адам ел аумағынан шыққан. Ал жай күндері Қордай арқылы 5 мың адам мемлекеттік шекарадан екі бағытта өтеді.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 25-наурыздан бастап Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстық тәртіп сақшыларын күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіру туралы бұйрықтың күші жойылған жоқ. Еліміздің оңтүстік аймақтарында көші-қон бақылауы қойылып, автожолдарды бойлай қосымша бекеттер ашылып, тіршілік қамтамасыздығы нысандарында күшейтілген қауіпсіздік шаралары алынуда.