Бұл туралы Үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесуде сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимыл бойынша қазақ-қырғыз қарым-қатынасын дамытудың ауқымды мәселелері талқыланды.
Қазақстан Үкіметінің басшысы Қазақстан мен Қырғызстанның жоғарғы деңгейдегі экономикалық әріптестігін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2012 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы миллиард АҚШ долларынан артты»,-деді С.Ахметов.
«Біз екіжақты қарым-қатынастың, бірінші кезекте, сауда-экономикалық әріптестіктің ауқымды мәселелері бойынша сындарлы диолог жүргізуге дайынбыз. Біздің елдеріміз арасында ынтымақтастықты арттыру үшін үлкен әлеует бар, сонымен қатар бірлесіп шешетін мәселелер тұр»,-деп атап көрсетті С.Ахметов.
Қазақстан Премьер-Министрі Үкімет басшылары деңгейіндегі кездесудің Астана мен Бішкек арасындағы екіжақты әріптестікті жандандыру үшін қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде, Ж.Сатыбалдиев «Қырғызстан мен Қазақстан арасында түптеп келгенде үлкен проблема жоқ». «Мен алға қойған мақсаттарға бірлесіп жетудің шешімдерін табатынымызға үміттенемін»,-деді.
Ж.Сатыбалдиев сондай-ақ Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы сауда айналымының одан әрі өсіп, биыл былтырғы межеден асып түсетініне сенім білдірді.