Қазақстан мен Қытай инвестициялық қор құратын болды

Сапар шеңберінде ҚХР қаржы институттары, соның ішінде, Қытай Мемлекеттік даму Банкі, Эксимбанк және "СІТІС" корпорациясының басшыларымен кездесулер өткізіліп, Қазақстан-Қытай инвестициялық қорын құру туралы үкіметаралық келісімге ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның үстіміздегі жылы Қазақстанға сапары барысында қол қою мәселелері, Қордың жұмыс жасау бағыты мен механизмі талқыланып, тікелей инвестициялардың коммерциялық қорларын бірлесе құру мен ірі жобаларды жүзеге асыру үшін несиелер бөлу мүмкіндігі қаралды.

Кездесуге қатысушылар Қорды құру Қазақстан мен Қытайдың экономика, инвестиция және қаржы саласындағы ынтымақтастығының өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандырып, екі елдің даму институттарының көпсалалы қызметтестігін одан әрі нығайтатындығын, екі жаққа да тиімді инвестициялық, инфрақұрылымдық және инновациялық жобаларды қаржыландыруға септігін тигізетінін, ШЫҰ қаржылық инфрақұрылымын қалыптастыруға ықпал ететінін атап көрсетті.

Қытай тарапының өкілдері Қордың операторлығын иелену ниетінен тыс, тікелей инвестициялардың коммерциялық қорын құруда, ірі жобаларды жүзеге асыру үшін несие бөлу жүйесін тура жолға қоюда бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін білдірді. Қазіргі уақытта ҚР мен ҚХР-ң қаржылық құрылымының мамандары жобаларды зерделеп қарастыру үстінде.

Тараптар жобаларды қаржыландырудағы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, жетілдіру мақсатында алдағы уақытта сарапшылар деңгейінде өзара кездесулер өткізуге келісті.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті