Қазақстан мен Ресей бір моторлы ұшақ өндіретін Бірлескен кәсіпорын құрмақшы

"Инфракос" РМК-ның бас директоры Рзақұл Нұртаевтың айтуынша, көп функциялы әрі бір моторлы "Аист" ұшағының жобасы да, өзі де Хруничев атындағы мемлекеттік ғылыми-өндірістік ғарыш орталығында жасалған. "Аист" ұшақтарын "Байқоңыр" ғарыш айлағының қазір жартылай жұмысқа жегілген құрастыру-сынақ корпусында құрастыру көзделіп отыр. Бұған дейін бұл корпуста "Союз" және "Прогресс" зымыран тасығыштарын ұшуға әзірлеп келген болатын.

Мамандардың пікірінше, жаңа ұшақ жоғары қауіпсіздігімен және қарапайымдығымен ерекшеленеді. Т-411 ұшағы 5 жолаушы немесе 300 кило жүк тасымалдай алады. Оны санитарлық ұшақ ретінде , әуеден күзету немесе ауылшаруашылығы мақсаттарында пайдалануға болады.
Р.Нұртаевтың айтуынша, қазір жобаның техникалық жақтары егжей-тегжейлі келісілуде. "Инфракос" РМК-ның бас директоры қазақстандық және ресейлік тараптардың сұранысы қазіргідей деңгейде сақталған жағдайда алдағы бірнеше жылда Байқоңырда шағын авиациялық ұшақтарды шығару жолға қойылады деген сенімде.