Қазақстан мен Ресей ЕАЭО аясында әскери өнімдер жеткізу бойынша консультациялар өткізбек

Сондай-ақ, осы бағытта мемлекеттік сатып алуларға қатысу мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және мемлекеттік сатып алулар саласындағы саясат департаменті директорының орынбасары Дәурен Жандарбек Астанада өтіп жатқан форум барысында мәлім етті.  

«Осы бағыттағы мәселелер консультациялар деңгейінде талқылануда, оған барлық бес мемлекет қатысады және әр мемлекет өзінің ұстанымының дұрыстығын дәлелдейді. Егер, басқаша жағдайлар орын алса онда консультацияларға көңілі толмаған мемлекет шешімді қабылдамау туралы мәселені алға шығаруы да мүмкін», - деді Д. Жандарбек.

Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты консультациялар уақыты әлі белгілі емес. Оны тараптар әлі де талқылай түседі.

«Айта кетерлігі, Одақтың принциптері белгілі, бұл - тауарлар мен қызметтердің еркін қозғалысы. Осыған байланысты, мемлекеттік сатып алуларға қатысты барлық мүше мемлекеттерге ЕАЭО-ға кіретін жеткізушілерге қатысты теңдей жағдайлар қарастыру мәселесі көтеріліп отыр. Дегенмен, басқа мемлекеттер тарапынан қатысатын ықтимал жеткізушілерге қатысты алып қоюлар мен шектеулер туралы әрбір мемлекетке құқық берілген. Алайда, бұндай құқықты пайдалану үшін оларға нақты негіздеме болуы керек», - дейді ол.

Айта кетерлігі, бұған дейін Ресей Қазақстаннан әскери өнімдерді жеткізу бойынша қолжетімділікті қамтамасыз етуді талап еткен болатын. Осыған байланысты Ресей экономика министрлігі Қазақстан үкіметі мен ЕЭК-тан Қазақстан тарапынан енгізілген шектеулерге қатысты консультация өткізуді ұсынған еді.