Қазақстан мен Ресей мемлекет басшылары мемлекеттік шекарадан өтудің қазіргі қолданыстағы тәртібін сақтап қалу туралы келісімге қол қойды - толықтырылған нұсқа

Келісімге ЕурАзЭҚ аясында визасыз қатынау тәртібін қолдану және оның жұмыс істеу мүмкіндіктерін талқылау нәтижесінде қол қойылды. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2005-жылдың 24-мамырынан бастап ҚР және РФ азаматтары үшін жеке басты куәландыратын ішкі құжатпен өзара қатынау доғарылады.

Мемлекеттер аумағы арқылы қатынау үшін жаңа шетелдік төлқұжатты қолданысқа енгізу межеленген. Бұл жаңалық екі ел азаматтары арасында біраз наразылық тудырды.
Бүгін, 17-мамырда қол қойылған келісім жаңа құжатты енгізу талабын қуатсыз етеді. Бұдан былай ҚР және РФ азаматтары екі мемлекеттің шекарасынан өту, елдер аумағы арқылы қатынау үшін жеке басты куәландыратын ішкі құжаттарды пайдалана алады.
Келісім қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және тараптардың қайсыбірі шекара арқылы өту тәртіптеріне өзгерістер енгізгенге дейін әсерін жоймайды.
Н.Назарбаев пен В.Путин екі мемлекеттің үкіметтеріне "Аталмыш мәлімдемеге сәйкес ҚР және РФ азаматтары үшін өзара қатынау режимін енгізетін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді шығаруға" тапсырма жүктеді.
Кездесуден кейін екі мемлекет басшысы облыстық дзю-до күресі орталығына бет түзеді. Президенттер онда спортшылардың жаттығу жағдайларымен танысып, палуандардың көрсетілім сайысын тамашалайды. Н.Назарбаевтың Челябинск облысына жұмыс сапары одан әрі жалғасуда. Дәлелденбеген ақпаратқа сәйкес, Қазақстан президенті Ресейдегі сапарының мерзімін созу туралы РФ мемлекет басшысының ұсынысын қабыл алған.