Қазақстан мен РФ құқық қорғау органдары трансұлттық есірткі транзиті мен есірткі бизнесімен күрес саласындағы шекаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

"Бұл кеңесте шекаралық ынтымақтастық, ақпарат алмасу, есірткі бизнесі мен жалпы нашақорлыққа қарсы тұрудың мақсатты оперативтік-іздестіру шараларын өткізу мәселелері талқыланды", - деп мәлімдеді журналистерге ҚР ІІМ есірткі саудасымен күрес және есірткі айналымын бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Сапаров.

РФ есірткі бақылауы жөніндегі федералдық қызметінің оперативтік-іздестіру департаментінің жетекшісі Алексей Чуваев аталған шараның маңыздылығын атап өтті. "Біз бұл кеңеске айрықша үлкен маңыз береміз. Қазақстан мен Ресей шекарасында есірткі саудасына қатысты 400 жуық қылмыстар жасалады. Бұл өте үлкен сан", - деді А. Чуваев.

Кеңесте сондай-ақ, көршілес аумақтардағы ықпалдастықтың арқасында кейінгі жылдары "бақылаудағы жеткізілім" тәсілімен табысты 13 арнаулы операция өткізілгендігі атап өтілді.

Батыс Қазақстан облыстық ІІД-нің мәліметінше, тек ағымдағы жылдың бес айында облыста есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты 162 заң бұзушылық деректері анықталған, олардың 50% есірткі саудасына қатысты. Осы мерзімде заңсыз айналымнан 10 кг астам есірткі шығарылды, табылып тәркіленген героин салмағы бір жарым есе артты.