Қазақстан мен Румыния мемлекет басшылары екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру қажеттігін атап көрсетті

Президенттердің пікірінше, екі ел экономикасындағы айтарлықтай ілгерілеушілікке қарамастан, қазіргі тауар айналымының көлемі мен құрылымы Қазақстан мен Румыния мемлекеттерінің мүмкіндігіне мүлдем сай келмейді.

"Қазіргі тауар айналымы 300 млн. долларды құрайды. Бұл жаман көрсеткіш болмағанымен, шын мәнінде екі елдің қазіргі потенциалына сәйкеспейді",- деді Н.Назарбаев.
Осыған байланысты Румыния мемлекет басшысы екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды диверсификациялау қажеттігін атап көрсетті.
Атап айтсақ, екі ел үшін де тартымды болып саналатын салалар ретінде ауылшаруашылығы, шағын және орта бизнес, жеңіл өнеркәсіп, туризм, озық технологиялар секторы, соның ішінде ақпаратық технологиялар аталды.
Н.Назарбаев Румыния мемлекет басшысының Қазақстанға сапары аясында іскерлік өкілдерінің қатысуымен өткізілетін бизнес-форум жаңа байланыстар орнатуға, ынтымақтастықты одан әрі дамытудың нақты жолдарын айқындауға жәрдемдеседі дегенге сенім білдірді.
Баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан тарапынан Румыниялық компаниялардың еліміз рыногіндегі іс-қызметі аясын кеңейтуге ықпалдастық жасалатыны туралы мәлімдеме жасалды. Айталық, осы тұрғыда Қазақстан жағы ағаш өңдеу, жиҺаз өндіру, дәрі-дәрмек жасау, Астанадағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру салаларында өзара ынтымақтастық орнатуды ұсынып отыр.
Сондай-ақ, екі елдің мұнайгаз саласындағы дәстүрлі қарым-қатынасын дамытудың келешегі де жоғары бағаланды. И.Илиеску осы орайда "Петром", "Индустриалэкспорт", "Улетром" сынды румыниялық компаниялардың жұмысын жоғары бағалады. Оның айтуынша, бірқатар кеніштерге концессиялық құқық сатып алған Румыниялық мұнай компаниялары бүгінге дейін Қазақстан экономикасына 70 млн. доллар құйды, ал таяудағы уақыттарда оларды игеру мақсатына тағы да 200 млн. доллар жұмсауды жоспарлап отыр.