Қазақстан үкімет басшысының мәлімдеуінше, тараптардың кездесуі "өзара тиімді достық сипатта өтті". "Біз бірінші кезекте мұнайхимиясы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға пәтуаластық. Бұл салада Татарстан ауқымды тәжірибе жинақтаған, экономикалық әлеуеті де жақсы",- деді Д.Ахметов. "Бүгінде еліміз экономикасына жетіспей отырған дүние міне осы",- деді ол.
Сонымен бірге тараптар мұнай өндіру саласындағы бұдан былайғы ынтымақтастыққа қатысты мәселелерді талқылады. "Қойнауқаттардың мұнай өнімділігін арттырудың ең тиімді тәжірибесін дәл осы Татарстаннан үйренуге болады",- деді ҚР үкімет басшысы.
Сонымен бірге Д.Ахметовтың айтуынша, "индустрия және машина жасау саласындағы одан әрі интеграциялану мәселелері де қаралды". "Әрине, Қазақстан өзінің қорғаныс қабілетін арттыруға қатысты мәселелергеде қызығушылық танытады. Бұл орайда Қазан тікұшақ жасау зауытымен белсенді қарым-қатынас орнату маңызды факторлардың бірі болмақ",- деді үкімет басшысы.
"Өзара тиімді арақатынастарды одан әрі тереңдетуді қарастыратын кең көлемді мәселелер топтамасы сарапқа салынды",- деді Д.Ахметов. Оның айтуынша, Қазақстан үкіметі индустрия және сауда, энергетика және минералды ресурстар, көлік және коммуникация министрлерінің орынбасарлары басқаратын үш жұмыс тобын құрған.
Ал сөз кезегін алған Ментимер Шаймиев Қазақстан мен Татарстанның "өзара ынтымақтастық орнатуға мүмкіндіктері зор" екенін, бұл аяны бүкіл салаларда тереңдету қажеттігін атап көрсетті. "Екі арада шешімін таппаған мәселелер жоқ",- деді ол.