"Екі елдің ынтымақтастық қарқыны өте жоғары, дегенмен, оны өсіруге үлкен қор мен әлеует бар", - деді Э. Рахмон. Оның айтуынша, кейінгі екі жылда Тәжікстанда 47-ден аса қазақ-тәжік бірлескен кәсіпорны құрылды, оның 15-і Қазақстан капиталының толық қатысуымен құрылған.
Өз кезегінде Қазақстан президенті кейінгі бір жылда екі ел арасындағы тауар айналымы 55%-ға өскенін атап өтті. "Жалпы алғанда екі ел арасында барлық талқыланатын мәселелер бойынша өзара түсіністік, ортақ көзқарас қалыптасқан, біз осындай қарым-қатынастың одан әрі жалғаса беруінен мүдделіміз", - деді Н. Назарбаев. "Дүниежүзін қаржылық дағдарыс жайлаған қазіргі күрделі кезеңде біз екі жақты қарым-қатынастың қыр-сырларын, өңірдегі ахуалды, әлемдегі жағдай мен ауған проблемасын тағы бір рет талқылаймыз, бұл бізді алаңдататын мәселе", - деді ол.
Ресми мәліметке сай, екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылдың қорытындысы бойынша $300 млн асты.