Баспасөз қызметі хабарлағандай, Елбасы екі ел арасындағы тауар айналымы қазіргі уақытта 1,5 млрд долларға жетті, деп атап өткен. "Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастық табысты даму үстінде және бүгінгі таңда ол өте жоғары деңгейге жетті", - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы. "Бұл сіздің алғашқы сапарыңыз және ол екі жақты қатынастардың әрі қарай дамуына серпін береді деп сенемін", - деді Қазақстан президенті Түркия басшысына арнаған сөзінде.
Өз кезегінде Абдулла Гүл: "Қазақстанның қарқынды дамуы екі жақты қатынастардың кеңеюіне негіз болды", - деп атап көрсетті.
Тілшілерге таратылған баспасөз баянында көрсетілгендей, мемлекет басшылары Анкарада 2008 жылдың тамызында өткізуді жоспарлап отырған үкіметаралық комиссияның келесі, яғни 5-ші отырысына дейін тараптардың кең ауқымды экономикалық жобаларды дайындап келуін құптаған.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, келіссөздерде энергетика саласында ынтымақтасу мүмкіндіктері, көліктік байланыстарды дамыту және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері кең көлемде талқыланды. Атап айтқанда, энергетикалық ынтымақтастыққа Жейхан портында мұнай өңдеу зауытын салу үлкен серпін беруі мүмкін екендігі айтылды. Оның жобасын Қазақстан жағы ұсынған болатын.
Сонымен қатар, келіссөздер барысында Түркия президенті Абдулла Гүл Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Түркияға ресми сапармен келіп қайтуға шақырды. "Қазақстан президентін Түркияға ресми сапармен келіп қайтуға шақырамын", - деді Түркия президенті.