"Келіссөздер барысында екі жақ энергетикалық, сондай-ақ, био- және нанотехнология, шағын және орта бизнес, туризм, мәдениет, білім және ғылым, денсаулық сақтау және спорт салаларында ынтымақтастықты дамыту қажеттігін атап өтті", - деп баяндалған баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен қатар, келіссөздер барысында инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. "Қазақстан Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру аясында Венгрия инвестициясын және технологиясын тартуға, өңдеуші өнеркәсіптегі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделі. Осы мақсатта Қазақстан "Қазына" тұрақты даму қорының, "Самұрық" және "Самғау" мемлекеттік холдингтерінің активтерін пайдалануға дайын.
Қазақстанда қазіргі кезде 60-қа жуық қазақ-венгрия бірлескен кәсіпорындары бар. Олар өнеркәсіп тауарларын өндіру, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, сондай-ақ, қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді.
Сонымен бірге, мемлекет басшылары өзара сауда көлемінің өсу динамикасы екі елдің экономикалық мүмкіншіліктеріне сай келмейтіндігін атап өтті. 2006 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Венгрия арасындағы өзара сауда көлемі 150 млн АҚШ долларынан сәл ғана асып жығылған. Қазақстан табиғи газ, көмір, кокс және химиялық тыңайтқыштар экспорттаса, Венгриядан Қазақстанға өңдеу өнеркәсібінің өнімдері, ішімдік және темекі өнімдері әкелінеді. "Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия жұмысын жандандыру керек. Біз президент Л. Шойом екеуміз бұл жөнінде келістік", - деді Н. Назарбаев.
Баспасөз қызметі хабарағандай, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселесі жоғары деңгейдегі келіссөздердің тағы бір маңызды тақырыбына айналды. Қазіргі кезде Венгрияда қыпшақтардың шамамен 100 мың ұрпағы тұрады. Олардың ата-бабалары осыдан 750 жыл бұрын қазіргі Қазақстан жерінен Еуропаға қоныс аударған. Ұрпақтары Карцаг қаласының маңындағы Надь-Куншак аймағында тығыз тұрып жатыр.
Қазақ-венгр қатынастарының орнауына және дамуына қосқан үлесі үшін президент Л. Шойом Н. Назарбаевқа Венгрияның жоғарғы мемлекеттік сыйлығы - Үлкен крест орденін табыс етті. АҚШ президенті үлкен-Джордж Буш, Британ ханшайымы Елизавета ІІ, Франция президенті Жак Ширак аталмыш орденмен наградталған. Өз кезегінде Қазақстан президенті венгрлік әріптесіне бірінші дәрежедегі "Достық" орденін табыс етті.
"Менің Венгрияға жасаған осы жолғы сапарым біздің елдеріміздің арасындағы конструктивті диалогтың жалғасы болып табылады. Президент Л. Шойоммен кездесуім мен қол жеткен келісімдер Қазақстан мен Венгрия ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріле алады дегенге дәлел бола алады", - деп мәлімдеді Н. Назарбаев осы ел басшысымен болған келіссөздерден кейінгі баспасөз мәслихатында.
Венгрияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарының аясында Н. Назарбаев, сондай-ақ, елдің премьер-министрі Ференц Дюрчанмен, мемлекеттік жиналыс төрағасы Каталин Силимен кездесті. Парламентке барған кезінде Н. Назарбаев қыпшақтардың өкілдерімен кездесті. Олар президентке "Венгриядағы қыпшақтар одағының" құрметті төрағасы дипломын табыс етті.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, сапар аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Венгрияның Сыртқы істер министрлігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға, сондай-ақ, екі ел үкіметтері арасында экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Венгрияға мемлекеттік сапары Нұрсұлтан Назарбаевтың Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне жасаған төрт күндік сапарын тәмамдады. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Елбасы, сонымен бірге, Словакия мен Румынияға барған. "Братислава, Бухарест пен Будапештте болған жоғары деңгейдегі келіссөздер Қазақстанның Еуропадағы рөлінің өсе түскенін көрсетті және Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі - Еуроодақпен ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етті", - деп көрсетілген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті