Қазақстан мұнайының үштен бірін АҚШ пен Ресей өндіреді – Энергетика министрлігі

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі энергетика министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрліктің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 89,9 миллион тонна мұнай өндірілген. Қара алтынның 33,1%-ы Қазақстанға тиесілі. Ал АҚШ пен Ресей өндіріп отырған мұнай көлемі жалпы өндірістің 34,4%-ын алады. Министрлік ұсынған тізім келесідей:

  • АҚШ – 30,9%;
  • Еуропа – 18,4%;
  • Қытай – 11,4%;
  • Ресей – 3,5%;
  • басқалары – 2,7%.
  •  

Сондай-ақ ведомство кейінгі бір жылда Атырау облысы мұнай өндіру бойынша көш бастап (58,6%) тұрғанын атап өтті. Екінші және үшінші орында сәйкесінше, Маңғыстау (18,5%) және Батыс Қазақстан (13,65%) облыстары тұр. Мұнай өндіруден алғашқы бестікке Ақтөбе облысы (5,1%) мен Қызылорда облысы (4,1%) кірсе, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары алтыншы орынды бөлісті.

Айта кетейік, бұған дейін "ТеңізШевройл" және "Karabatan Utility Solutions" компаниялары экологиялық заңнаманы өрескел бұзғаны үшін миллиардтап айыппұл арқалаған еді.