Қазақстан "Мыңжылдық Даму мақсаттарына" сәйкес жүктеп алған міндеттемелерін орындайды - Тоқаев



Қазақстанның бас дипломаты өз сөзінде БҰҰ-ның саммиті осыдан бес жыл бұрын Йоханнесбург саммитінде жүктелген міндеттемелерді жүзеге асыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияны жасаудың бірегей мүмкіндігі екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, "Мыңжылдық Даму мақсаттары" халықаралық қауымдастықтың лаңкестікке, қарулы қақтығыстарға, кедейлікке және әлеуметтік тұрақсыздыққа қарсы бағытталған талпыныстарының маңызды құрамды бөлігіне айналуға тиіс.
Қ.Тоқаев "Мыңжылдық Даму мақсаттары" "Қазақстан -2010" ұлттық стратегиясы мен "Қазақстан -2030" ұзақ мерзімді даму стратегиясына арқау болған басымдықтармен және мақсат-мұраттармен етене үндес екенін атап көрсетті.
"Мыңжылдық Даму мақсаттарын" жүзеге асыру аясындағы маңызды мәселенің бірі болып саналатын қоршаған ортаны қорғауға тоқталған Қ.Тоқаев жиналғандардың назарын Семей полигоны мен Арал теңізінің проблемасына аударды. Аталмыш экологиялық тауқыметтерді шешу - халықаралық өзекті мәселе , деді ол.
Жоғары деңгейлі кездесуге төрағалық жасаған Австралия үкімет басшысы Джон Ховард ҚР СІМ-нің баяндамасына ерекше тоқталып, Қ.Тоқаевтың "дамуды ресми қолдау - маңызды мақсат, дегенмен, халықаралық саудаға қолайлы жағдай жасау - одан да маңыздырақ" деген пікірін құптады.
Сол күні Қ.Тоқаев Сингапур, Жапония, Түркия, Египет және Марокколық әріптестерімен де жүздесті. Сонымен қатар ол БҰҰ бас хатшысының орынбасары, ЭСКАТО-ның атқарушы директоры Ким Хак Су, БҰҰ бас хатшысының қарусыздану мәселелері жөніндегі орынбасары Нобуяки Абе, БҰҰ-ның есірткі және қылмыспен күрес кеңесінің атқарушы директоры Антонио Коста мырзалармен келіссөздер жүргізді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті