"Біз Қазақстанның мүддесіне сәл де болса әсер етуі мүмкін кез-келген оқиғаға көңіл бөлеміз",- деді В.Божко. Осыған байланысты республиканың батыс өңірінде орын тепкен шекара әскерлері "лаңкестік оқиғаларға қатысы бар адамдар еліміз аумағына өтіп кетуге әрекет жасаған жағдайда қалт жібермей қолға түсіру үшін күшейтілген жұмыс тәртібімен жұмыс істеуде".
В.Божконың хабарлауынша, қазақ-өзбек шекарасын жайластыру проблемасы күні бүгінге дейін шешімін таппай отыр. "Шекара әскерінің инженерлік бөлімшелеріне шекарада екі күннің бірінде пайда бола қалатын өткелектерді экскаватор және тракторлармен ұдайы бұзуға тура келуде. Мұндай өткелектер арқылы тек екі ел азаматтары ғана емес, сонымен бірге контрабандалық жолмен ірі көлемде жүктер де өткізілуде",- деді ол. ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, "азаматтарды 100-200 теңгеге шекарадан өткізіп бере салатын кәсіби өткізгіштер бар".
Сондай-ақ, В.Божконың пікірінше, шекаралық аудандардың тұрғындары арасында мемлекеттік шекараны күшейтіп, оны ретке келтіру қажеттігін насихаттау проблемасының да маңызы зор. "Кеңес кезеңінен бері екі бағытта еркін жүріп үйренген адамдар әзірге бұл сызықты мемлекеттік шекара ретінде сезіне алмай отыр",- деді ол.