Қазақстан Орталық Азия елдерінің дипломаттарын оқытуға көмектеседі

Сыртқы істер министрлігінде өткен қол қою рәсімі барысында Е. Ыдырысов бұл келісімшарт бірлескен ғылыми, ағартушылық және зерттеу жұмыстарының негізін қалап, кәсіби дипломатиялық кадрларды даярлау мәселелерінде Қазақстанның өңірлік лидер ретіндегі оң имиджін көтеруге септігін тигізеді. «Бұл келісімшарттың ерекшелігі сонда, Қазақстан енді өңір елдерінің ұлттық кадрларын дамыту ісіне көмек көрсететін болады. Тәжік тарапымен қол жеткізген уағдаластықтарға сәйкес, ҚР Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында екі тәжік дипломаты дәріс алатын болады. Бұл Қазақстанның өңірдегі белсенді рөлін қуаттайды», - деп атап өтті ол.

Ә. Бәйменов Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб мақсаттарының бірі өңірдегі мемлекеттердің кадрлық әлеуетін жақсартуға қолдау көрсету болып табылады деп өтті. «Тәжік дипломаттарының Академияда оқуы қазақстандық дипломатия рөлінің өрістеуін және көрші елдеріміздің Өңірлік хаб қызметіне қызығушылығының артуын білдіреді. Хаб өңірдегі елдердің ұлттық кадрларын даярлау саласында өз дамуының жаңа сатысын бастады деуге болады», - дей келіп, бүгінгі таңда Хаб жұмысына 30 мемлекет және 5 халықаралық ұйым қатысып отырғанын атап өтті.

«Бұл құжатқа қол қоюдың маңызы зор, ол Академия қызметінде жаңа жобаны дамыту мүмкіндігін ашады. Біздің білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарымыздың деңгейі көршілес елдер үшін тартымды. Біз СІМ және Өңірлік хабпен ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға дайынбыз», - деп атап өтті Б. Әбдірасілов.


Келісімшартта ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтында «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша өңірдегі мемлекет қызметкерлеріне оқу гранттарын беру; сыртқы саясат саласында мамандар дайындаудың қазіргі заманға сәйкес әдістерін жасау және енгізу; ақпараттық-сараптау материалдармен, оқулықтармен алмасу; дипломатиялық кадрларды дайындау әдістерін кемелдендіру мәселелері бойынша консультациялар жүргізу; өзара мүдделілік білдіретін ғылыми зерттеулер мен жобалардың бірлескен дамуына қолдау көрсету; сарапшыларды, оқытушыларды алмасу; конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және т.б. шараларға қатысу басымдықты бағыттар болып белгіленді.