Қазақстан парламенті 12 жылдық білім беруге көшу жайы қарастырылған жаңа заңды қабылдады

"Заң жобасы бәсекеге қабілетті білім беру жүйесін қалыптастыру, Қазақстанның білім беру жүйесін халықаралық білім беру кеңістігіне кіріктіру, білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды заңдық реттеуді одан әрі жетілдіру үшін жасалған", - делінген сенаттың әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қорытындысында.

"Заң жобасымен білім беруді дамыту салысына жаңа тұжырымдамалық көзқарастар енгізіледі: 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу, кәсіби білім беру жүйесін қайта құру, жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беріп маман дайындаудың үш сатылы моделін құру (бакалавриат - магистратура - докторантура PhD), білім сапасын тексерудің ұлттық жүйесін дамыту, педагог маманның мәртебесін көтеру", -делінген қорытындыда.

Жалпы отырыста сенаторлар сонымен бірге заңнаманы "Білім беру туралы" жаңа заңның нормаларымен сәйкестендіруге бағытталған "Білім беру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті