Қазақстан парламенті депутаттарының саны 154-ке жетеді - президент (толықтырылған нұсқа)

"Парламент депутаттарының жалпы саны 38 адамға артып, 154 болмақ. Бұл 15 млн халқы бар еліміз үшін қалыпты пропорция",- деді Н.Назарбаев. "Басқа мемлекеттердегі осындай арақатынасты зерделеп шығу арқылы біз бұл еліміз үшін лайықты сан деген байламға келдік",- деді президент.

Н.Назарбаевтың түсіндіруінше, парламенттің қос палатасының да депутаттарының саны артады. "Демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның ұсынысы қабылданды. Сенат депутаттарының саны президенттік квотаны 7-ден 15-ке дейін арттыру есебінен көбейетін болды. Олардың бір бөлігі Қазақстан халықтары ассамблеясымен кеңестен кейін тағайындалатын болады",- деді мемлекет басшысы.

Н.Назарбаевтың айтуынша, мәжіліс депутаттарының саны 30 адамға артып, 107-ке жетпек. "98 депутат пропорционалдық жүйемен сайланса, 9 депутат Қазақстан халықтары ассамблеясының атынан өкілеттілік алады. Бұл Қазақстандағы халықтардың мүддесін ескеру үшін жасалумен бірге ол қоғамды одан әрі біріктіруге қызмет етеді",- деді президент.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті