Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында техникалық реттеу туралы заң жобасын жасау қажет. Н.Назарбаевтың пікірінше, бұл заңды қабылдау ел экономикасын тез арада халықаралық стандартқа көшіруге жағдай жасап, Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке өту процессін жеделдетеді, сондай-ақ, жалпы алғанда, еліміздің экономикалық өсімінің сапасын арттырады.
Бұған қоса, Салық Кодексі мен "Инвестициялар туралы" заңға өзгерістер енгізуді де Н.Назарбаев басымдықтар арасында атады. Сонымен қатар Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму, ауылды дамыту, инфрақұрылым мен адам ресурстарын дамыту тәрізді басымдық берілген даму бағдарламаларын жүзеге асыру үшін "парламент пен үкімет аталмыш бағдарламаларды жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге баса назар аударуы тиіс". "Жауапкершілікті міндетті сақтандыру туралы заң қабылдап, "Мемлекеттік сатып алу туралы" және басқа да заңдарға өзгерістер енгізу қажет".
Мемлекет басшысы сондай-ақ, депутаттар қарап үлгеруі тиіс маңызды мәселелер қатарына "әлеуметтік, зейнетақы қамтамасыздығы, халықты әлеуметтік қорғау, білім беру және денсаулық сақтау" мәселелерін қосты. Соның ішінде Елбасы әлеуметтік саланы реформалау тұжырымдамасын жетілдіру қажеттігін ерекше атады. Бұл салада еңбек қатынастарын реттеу туралы заң жобасын жасау, Еңбек кодексін қабылдау, халықты жұмыспен қамтудың жетілдірілген үлгісін қалыптастыру талабы қойылып отыр.
"Мен атап өткен осынау мәселелердің барлығын да сіздер талқылап, дұрыс шешім табады дегенге сенемін",- деді Н.Назарбаев халық қалаулыларына.