Қазақстан парламенті "Kazsat" байланыс жер серігін жасау туралы Ресеймен арадағы келісімді бекітті



Бұл келісімді жүзеге асыру үшін 65 млн. доллар қажет. Палатаның жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚР білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімованың айтуынша, "қажетті 65 млн. доллар республикалық бюджеттен бөлінді". Министр сонымен бірге жер серігін 2005-жылдың желтоқсанында ұшыру үшін бар күшін салатынын жеткізді.
Бдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұл келісімге 2005-жылдың 18-қаңтарында Мәскеуде қол қойылған. Келісімнің мақсаты - KAZSAT жер серігін жасау, оны геостационарлық орбитаға шығару және соның негізінде Қазақстанның өзіне қарасты ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесін құру бағытында тараптардың өзара ынтымақтастығын жүзеге асырудың басты принциптері мен шарттарын айқындау болып табылады.
Келісімге сәйкес, KAZSAT жер серігін жасауға, жер бетіндегі басқару кешені мен мониторинг жүйесін құруға арналып үшінші елдерден Қазақстанның кедендік аумағына әкелінетін құрал-жабдықтар, қосалқы бөлшектер мен бағдарламалық қамтамасыздықтар Қазақстан аумағында кедендік төлемдерден, салықтар мен кез-келген алымдардан толық босатылады. Заң президенттің қол қоюына ұсынылды.

>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті