Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы РФ Федералдық жиналысы палаталарының төрағаларымен кездесті

Аслан Мусин өз сөзінде мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин жүргізіп отырған іргелі саясатының арқасында Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы қатынас өзгелерге үлгі болып отырғанын атап өтті. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 13 млрд АҚШ долларынан асып түсті. Қазақстан парламентшілерінің жетекшісі бұл көрсеткіштің өзі жоғарғы меже еместігін айтты. Аслан Мусин өзара қатынастағы экономикалық жағдайды, бірінші кезекте, тиімді заңдарды қабылдау арқылы күшейту қажеттігін алға тартты. Мәжіліс төрағасы сонымен бірге Кеден Одағы, ЕурАзЭҚ, біртұтас экономикалық кеңістік, шекарадан өту мәселелері, жүк тасымалы - осының бәрі тиісті құқықтық қамтамасыз етуді талап ететінін жеткізді. Ол сондай-ақ президенттік- парламенттік мемлекет құру жолындағы алғашқы қадам болып табылатын Қазақстандағы Конституциялық реформа жөнінде баяндап берді.

Ресейдегі көшбасшы партия жетекшілерінің бірі ретінде Борис Грызлов үстіміздегі жылы тамызда Қазақстанда өткен парламенттік сайлауда "Нұр Отан" партиясының сөзсіз жеңіске қол жеткізуінің басты себептері жөнінде сұрады.

"Бұл - ел ішіндегі Мемлекет басшысының үлкен беделі және Қазақстандағы экономикалыққайта құрылымның жемісті нәтижесі",- деді А.Мусин.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті