Қазақстан патриоттары партиясының жетекшісі Ғани Қасымов Владимир Жириновскийдің Қазақстан жеріне аяқ басуына тыйым салуды талап етті

Бұл туралы ол бүгін, 24-қаңтарда Астанада қоғамды демократияландыру жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

"Қауіпсіздік кеңесі тарапынан ҚР СІМ-іне Жириновскийдің Қазақстан жеріне аяқ басуына тыйым салуды міндеттеп, бұл туралы төрткүл дүниеге жар салуды сұраймын",- деп мәлімдеді Ғ.Қасымов.
Ғ.Қасымовқа мұндай мәлімдеме жасауға В.Жириновскийдің "Эхо Москвы" радиосына берген сұхбаты түрткі болған. Онда ол Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын делимитациялауды қателік деп атаған. Оның пікірінше, мемлекеттік шекараны жайластыру тым қымбатқа түседі әрі "ешбір пайдасыз шара". "Егер Қазақстан Солтүстік Атлантикалық Альянсқа мүшелікке өткісі келіп отырған болса, онда шекаралық мәселелерді реттегені абзал, ал Ресей үшін бұл қай жағынан алып қарасаңыз да тиімсіз. Біріншіден, Ресей өзіне тиесілі аумақтан айрылып қалады, Қазақстандағы орыстардың ахуалы мүшкілденеді, кенттер мен отбасылар екіге жарылады",- деді В.Жириновский өз сұхбатында. Оның пікірінше, "шекараны делимитациялау қазақ ауылы мен орыс кенттері арасындағы ұсақ-түйек контрабандаға тосқауыл қоюы мүмкін, бірақ, есірткі тасымалына қатысты ахуалға түбегейлі әсер ете алмайды". "Қазақстанның тарихи аумағы қазіргіден мүлдем шағын болуы тиіс. Сондықтан, шекараға бірден қада қағатын болсақ, шекараны нақты белгілеп, Ресейдің жерлерін өзіне қайтару қажет",- деді В.Жириновский.
Ғ.Қасымовтың айтуынша, "Жириновскийдің еліміз бен еліміз халқына тілімен тікенек қадауы бір бұл емес. Сол себепті мұндай оқиғаға мән бермей қалуға болмайды".