Ауқымды экономикалық форумға Еуропалық Одақ, Орталық және Шығыс Еуропа, Балтық жағалауы елдері, ТМД және Араб мемлекеттері тәрізді 30-дай елден 1500 қатысушы жиналды. Оған қатысушылар Еуропадағы интеграциялану, аймақтық ынтымақтастық, қаржы саясаты, экономика саласындағы жаҺандану құбылысы, ақпараттық төңкеріс, энергетикалық қауіпсіздік, ғылыми және мәдени ынтымақтастық проблемаларын талқылады.
Қ.Келімбетов "Қазақстан әлемдік экономикада: мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлер" және "Шығындарды қысқарту немесе қоғамдық қаржыны сауықтыру жолдарын арттыру" тақырыптары бойынша пікірталасқа қатысты.
Сондай-ақ, еліміздің мемлекеттік мекемелері, ҒЗИ, жоғары білім ошақтары, БАҚ-тар, ұлттық компаниялар мен жеке компаниялардың өкілдері-баяндамашылардың тікелей қатысуымен мынадай тақырыптарда пікірталас алаңдары мен семинарлар ұйымдастырылды: "Қазақстанның мұнайгаз кешенінің даму болашағы", "Көмір - баламалы қуат көзі", "Мемлекеттік қызмет немесе қоғамдық қызмет", "Авторитаризм, фундаментализм және демократия. Орталық Азияның бағыты қандай?", "Еуразиялық экономикалық кеңістік: мүмкіндіктер мен үміттер".
Конференция шеңберінде сондай-ақ "Қазақстан экономикасы" атты тұсаукесер тақта орнатылып, соның аясында "Қазіргі заманғы Қазақстан" тақырыбында көшпелі фотокөрме, туризм, 2005-жылға жоспарланған сауда-көрме шаралары, Астананың дамуы мен көркі туралы, республика аймақтары, сондай-ақ, қазақстандық компаниялардың таныстырулары мен іскерлік ұсыныстары туралы ақпараттық-анықтамалық материалдар паш етілді.
Форум барысында Қ.Келімбетов Польша үкімет басшысының орынбасары, осы елдің экономика және еңбек министрі Й.Хауснер, Украинаның экономика және Еуропалық интеграция мәселелері жөніндегі министрі Н.Деркач, Крыниц экономикалық форумының бағдарламалық кеңесінің төрағасы З.Бердыховский тәрізді ресми өкілдермен кездесулер өткізді.
Кездесулер мен келіссөздер тараптардың экономикалық ынтымақтастықты, энергетика саласындағы ықпалдастықты, шағын және орта бизнес, ғылым және технология салаларындағы қарым-қатынасты дамытуға деген ықылас-пейілін паш етті.
"Соның нәтижесінде Польшаның БАҚ-тарында Қазақстан туралы тақырып кеңінен насихатталды",- дейді ҚР СІМ-дегілер.